БҚО-да «Еңбек жолы» байқауының үздіктері анықталды
Батыс Қазақстан облысында «Еңбек жолы» облыстық байқауының үздіктері анықталды. Еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшыларының беделін арттыруды көздеген іс-шара аясында көрме ұйымдастырылды. Мұнда қала және ауыл-аймақтан келген мемлекеттік грант иегерлері өз өнімдерін таныстырды. Биыл «Бір ауыл - бір өнім» жобасы, азық-түлік жәрмеңкесі, басқа да кішігірім шаралар «Талпын» мүмкіндіктер алаңына біріктірілген. Жұмысшылар жылына орай мұндай көрмелер екі мәрте өткізілген.
Динара Жұматаева, мемлекеттік грант иегері:
2024 жылы грант иегері атандым. Ол кезде 1 млн 480 мың теңге болды. Соны алып, тәтті өнімдер пісіруді бастадым. Қазір өнімдерім сұранысқа ие.
Ал «Еңбек жолы» облыстық байқауында «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» аталымдары бойынша үздіктер анықталды. Кәсібіне адал 38 қатысушы қалалық, аудандық кезеңдерде топ жарды. Олардың арасында сала ардагерлері де, жас мамандар да бар. Бұл байқау – жәй ғана марапат емес, еңбек адамына құрмет пен шынайы ықыласты дәріптейтін дәстүрлі шара.
Валерий Тасқалиев, «Үздік еңбек әулеті» аталымының иегері:
Ең алғашқы еңбек жолымды Қаратөбе ауданы Саралжын ауылынан бастадым, тракторшы болдым. Әкем де шопырлық, жүргізушілік мамандығымен зейнетке шықты. Соның ізін жалғастырып келеміз. Қазір балаларымыз сол мамандықта жүр. Жалпы еңбек өтіліміз - 222 жыл.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
