Басты Жаңалықтар Алаштың арысын ардақтаған күн

Алаштың арысын ардақтаған күн

Торқалы той облыс орталығынан 550 шақырым орналасқан Қызбел мекенінде баба рухына зиярат етуден басталды. 1992 жылы мүрдесі кіндік қаны тамған жеріне әкелініп, кесенесі бой көтерген еді. Ал бүгін Алаш арысының атындағы мұражайының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Тарихи нысанды қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен 50 млн теңгеден аса қаражат бөлінді. Мұражайда «Бақытсыз Жамал» романының түпнұсқасы, қайраткердің бас киімі мен оны соңғы сапарға орап аттандырған кілемі сынды 120 ға жуық жәдігер сақтаулы.

Нұрлан Сатыбалдин, М. Дулатұлының жиені:

Ұрпақтарының атынан алғысымызды айтамын. М. Дулатұлы қайтыс болғанда жеке заттар анама жіберілді. Тіс протезі болды. Сол тіс дәл келіп, дәлелдедік атамыз екенін.

Ұлт руханиятының шамшырағына айналған ұлы тұлғаның тойы Торғай төрінде жалғасты. Келген меймандарды қарсы алу үшін қос қатар 70 киіз үй тігілді. Алаштың ардақтысын ұлықтауға келген қалың елдің рухы бір асқақтап қалғандай.  

Қаныбек Әли, Қарабалық аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:

 Бүгінгі Міржақып атамыздың тойына Қарабалық ауданынан келдік. Барлық өнерпаздары, ұжымымызбен келіп отырмыз. Осы жерге келген қонақтарды қарсы аламыз көңіл көтереміз, ән айтамыз, домбыра тартамыз, күй тартамыз. 

Тұрақ Мақажанов, ардагер ұстаз:

Мен енді осы тойға келгендегі мақсатым- көру, рухын көру, халықтың бейнесін көру. Тәуелсіздіктен кейін көтерілген рухын көруге келдім. Әр халықтың жүзінен рухының көтерілгенін көріп тұрмын!

Сондай-ақ Торғай төсіндегі той алаштанушы ғалымдардың, жалпы ұлт зиялыларының да басын қосты. Олардың қатысуымен ғылыми конференция өтіп, Оян, Қазақ деп ұрпағын ұлағат жолына бастаған  ұлт зиялысының  ғұмыры мен қызметі жайлы тың деректер айтылды. 

Марат Әбсеметов, міржақыптанушы:

Тұңғыш рет Қазақстанда Міржақыптан диссертация қорғадым 91 жылы. Міржақыптың оралуы деген, оны қалай тапқаным, барлығын жаздым. Міржақып романс, марштар жазған алаштың. 15 шақты халық арасында өлеңдер сақталды. Кітап шығып жатыр, ноталармен беріп жатырмын.

Сондай ақ бүгін  мерейтойға орай дәл осы Торғай жерінен ұлы дала жорығы бастау алады. Еліміздің әр өңірінен келген 18 команда , оның ішінде Қырғыз бен  Ресей елінен келген шабандоздар да бар. Олар 5 күнде 500 шақырымды бағындыруы тиіс. Соңғы меже - Арқалық қаласы.

Ал, осы сәтте сары даланы шаңға бөгіп, тұлпарлардың тұяғы көкпар мен бәйге алаңын дүбірлетті. Оза шауып, олжалы болған спортшыларға темір тұлпар сыйға тартылады.  Ал кешке әр өңірден келген 14 айтыскер өзара сынға түседі. Ертең де қазақ күресінен жарыс өтеді, мереке соңы эстрада жұлдыздарының концертімен аяқталады. 


Бөлісу