Оралда «Анаға тағзым» атты еңселі ескерткіш ашылды
Оралда «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай іскер әйелдер форумы өтіп жатыр. Алдымен қаланың көрікті жерінде «Анаға тағзым» атты еңселі ескерткіш ашылды.
«Бұл – әрі отбасының ұйытқысы болып әрі қым-қуат қызметте еңбек етіп жүрген әйел-аналарға құрметтің белгісі» деді жиналғандар. «Еңбегі жанған арулар» атты форум аясында іскер қыз-келіншектердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Киім-кешек, азық-түлік, баспа ісі, жол құрылысы, басқа да түрлі салада кәсіп ашқандар өз өнімдерін көрмеге қойды. Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған іс-шара барысында аналардың еңбектегі, қоғамдағы және отбасындағы рөлі талқыланды. Еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған бастамалар сөз болды. Форум аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген әйелдердің еңбегін дәріптеп, жас ұрпаққа өнеге етуді көздейді.
Дидар Қойбағарова, логопед-дефектолог:
Өзіміздің әріптестерімізбен бірігіп шығарған мынадай кітабымыз бар. Бұл кітап – мектепке дейінгі тәрбиеге үлкен көмек құралы. Сонымен қатар дефектология мамандығы бойынша, логопедия саласы бойынша жұмыстанатын мамандарға таптырмас құрал.
Назгүл Мағжан, Астана қаласы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:
Біз қазіргі таңда еңбектің құнын көрсетіп, соны дүйім жұртқа жария ететіндей мақсат қоятын үлкен іс-шара деп ойлаймын. Осы форумда жұмысшы әйелдерге деген құрметтің шексіз екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
