«Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек». Бұл мәселеге Президент былтырғы Жолдауында назар аударды. Қазіргі таңда Қазақстанда 5 мыңнан аса тауар өндіріледі. Шикізат экспортымен ғана шектелмей, бірте-бірте өңделген өнім түрлерін өткізуге де көңіл бөлініп жатыр. Биыл 6 айда сыртқы сауда айналымының көлемі 66 млрд долларға жетті.
Шымкенттегі фабрика айына 4 миллион, ал жылына 50 миллиондай шұлық өндіре алады. Кәсіпорын биыл ғана іске қосылды. 500 жоғары технологиялық тоқыма қондырғысымен жабдықталған. Дайын өнімнің 95 пайызы сыртқа сатылса, басым бөлігін Ресей мен Белоруське өткізеді. Ендігі меже – Еуропа.
Нұрдәулет Ырысбеков, фабриканың өндіріс жөніндегі директоры:
Фабрика 100 пайыз мақтадан шұлық тоқиды, шикізатты Өзбекстаннан алады. Германия мен Италиядан алғашқы тапсырыстар түсіп, келіссөздер жүріп жатыр. Серіктестік орнаса, кәсіпорын жаңа фабрика салып, өндіріс көлемін арттырмақ.
Биыл жарты жылда сыртқы сауда айналымы 66 миллиард доллар болды. Экспорт көлемі – 37 миллиард долларға жуық. Елде 5 мыңнан астам тауар өндіріледі. Алматы мен Астана көш бастап тұр. Үздік бестікте Павлодар, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары.
Алмас Ихсанов, ҚР СИМ Экспорттық акселерация және оқыту тобының басшысы:
Қазіргі таңда 5 жылдың ішінде экспорттық акселерация бағдарламасына 500-ден астам компаниялар өтті. Олардың ішінде 30 пайыз компания экспорт жасады. Біздің жоспарымыз бойынша осы жылда 100 млн АҚШ долларынан астам контрактілер болады. Келесі жылы да 120 компанияны сол бағдарламаға қосамыз. Қазір келіссөздер өтіп жатыр.
Әлемде шикізат бағасы құбылып тұр. Бұл біздің бренд маркалы мұнайдың бағасын төмендетті. Бұдан бөлек көлік логистикалық жүйесін әлі де жетілдіре түсу керек. Міне, осы жағдайлар тасымал көрсеткішін тұралатты. Сондықтан өңдеу саласына басымдық берген дұрыс дейді мамандар.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
Экспорттың әлемдік нарықтағы орнын нығайту үшін логистикалық, саяси, экономикалық және жаңадан қабылданып жатқан Салық кодексінде де басым бағыттар қарастырылған. Ал біздің кәсіпкерлер үшін дайын өнімді экспорттау болашақта негізгі трендке айналмақ.
Отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығарудың түрлі жолы қарастырылып жатыр. Инфрақұрылым жасақталып, бірнеше елде өкілдіктер ашылды.
Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:
Өңдеу секторын серпілту арқылы бірқатар өзекті мәселе шешіледі. Жұмыс орындары артып, салықтық түсім молаяды. Халықаралық стандарқа сай тауар шығарылады. Өйткені бәсеке күшейеді. Осылай экспортты арттырып, экономиканы тұрақты түрде дамытуға болады, дейді сарапшылар.
Ақмаржан Ғафиз
