Қазақстандықтар үшін Меккеге қажылық сапар қолжетімді бола түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар үшін Меккеге қажылық сапар қолжетімді бола түседі

25.08.2025

Енді Меккеге қажылық сапары қазақстандықтар үшін қолжетімді бола түседі. Осы мақсатта Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында тікелей әуе рейстерінің санын арттыру жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Бұл туралы Алматыда өткен ресми кездесуде айтылды.

Басқосуда қос ел арасындағы діни байланыстар мен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Сауд Арабиясы Корольдігінің қажылық және ұмра министрінің айтуынша, саудиялықтардың біздің елімізге қызығушылығы зор. Сондықтан Қазақстан туризм бағытында маңызды орынға ие.

Тауфик бен Фаузан Ар-Рабиа, Сауд Арабиясы Корольдігінің қажылық және ұмра министрі:

Сауд Арабиясы корольдігінде тікелей корольдің және тақ мұрагерінің бастамасымен қажылардың сапарын оңтайландыру және Мұхаммед пайғамбарымыздың өмір жолымен тереңірек танысуы үшін 55 тарихи мекенді зиярат ету қарастырылған. Бұл бастамалар қажылық сапарын тек діни ғана емес, тарихи және мәдени тұрғыдан да мазмұнды етуге бағытталған.

Кездесуде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов елдер арасындағы байланыс сан салада жанданып келе жатқанын айтты. Сенімді серіктестікті одан ары нығайтуда ауқымды шаруаларды қолға алу жоспарланған.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

Қажылыққа бару, умраға бару жолдары біраз жеңілдетілді. Соның ішінде екі ел арасындағы тікелей әуе байланыстардың ашылуы және виза алу, басқа да қонақүйлерге орналастыру, тағы да басқа да көптеген сұрақтардың жеңілдетілгені осы сапардан кейін қол жеткізілді.

Биыл елімізден 4 500 адам қажылық парызын өтеуге аттанған. Оларға конкурстық негізде іріктелген 15 туристік компания қызмет көрсеткен.

Енді жаңа келісімдер арқасында бұл көрсеткіш еселенуі мүмкін.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу