Бүгін Зеленский мен оның еуропалық одақтастары Вашингтонда Президент Дональд Трамппен кездеседі. Осы келіссөздер қарсаңында Ақ үй мен Кремль Украинаға кейбір территориясымен бірге НАТО-ға кіру жоспарынан да бас тарту туралы талап қойды. Ал Киев пен Брюссель бейбітшілік үшін мұндай құрбандыққа дайын емес тәрізді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бүгін Астана уақытымен кешкі сағат 10-нан 15 минут кеткенде Ақ үйдің сопақ кеңсесінде Трамп-Зеленский кездесуі басталады. Ал түнгі 12-де Құрама Штаттар Президенті Еуропаның бес лидерін де қабылдайды. Олар – Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Финляндия жетекшілері. Кездесуге НАТО мен Еуропа одағының басшылары да қатысады. Олардың Вашингтонға сапарының негізгі мақсаты – алдағы келіссөздерде Украинаның мүддесін мейлінше қорғау.
Юрай Майчин, сарапшы:
Меніңше, еуропалық лидерлер Вашингтонда Украинаның асығыстық жасап, есе жіберуіне жол бермеуді көздеп отыр. Украинаға әскери көмек пен барлау мәліметтерін жеткізу жалғасуы керек. Және де АҚШ, Ресей, Украина бейбітшілікті бірге талқылау үшін үшжақты кездесу өткізеді деп үміттенемін.
Трамп осыған дейін Украина бойынша бейбіт келіссөздерді бастау үшін ең алдымен атысты тоқтату туралы келісім жасау идеясын қолдаған еді. Алайда Аляскада Ресей Президентімен кездескеннен кейін Трамп мыңдаған адамның жанын қиып, миллиондаған украиналықты босытып жіберген қарулы жанжалды доғару үшін біржолата бейбіт келісім жасауды талап етіп отыр. Сонымен қатар өткен тәулікте ғана Трамп Киевті Қырымнан және НАТО-ға өту жоспарынан бас тартуға шақырды. Ал Путин Донбассты түгел алу мақсатында Зеленскийден Донецк облысының жауланбаған 30 пайыз аумағынан да әскерін әкетуді талап етіп отыр. Украина Президенті бұған үзілді-кесілді қарсы. Жер проблемасында Еуропа одағының ұстанымы Киевтің позициясымен үндес.
Урусла Фон Дер Ляйен, Еуропа комиссиясының президенті:
Территория мәселесіне келсек, біздің позициямыз айқын. Халықаралық шекаралар күшпен өзгертілмеуі керек. Оған қатысты шешім Украинасыз қабылданбауы тиіс.
Егер Украина Трамп пен Путиннің жаңағы талаптарына келіссетін болса, оған АҚШ қауіпсіздік кепілдігін беруі мүмкін. Ол кепілдік НАТО Жарғысының бесінші бабына ұқсас: Солтүстікатлантикалық альянс Украинаны өз қатарына алмаса да, оны ұжым болып қорғауға тиіс. Бір қызығы – бұл жоспарды Кремль қолдап отыр.
Бірақ 1994 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Ресей Украинаны ядролық қарудан бас тарттыру үшін Будапешт меморандумына қол қойды. Киевке дәл осылай қауіпсіздік кепілдігін берді. Бірақ сол меморандум 20 жылдан кейін бұзылды. Алайда бір кепілдіктің тағдырын екіншісі қайталайды деп дөп басып айту өте қиын.
Арыстан Рысбек
