Ташкентте «Абай қазақ пен өзбек халқының сүйікті ақыны» деген атаумен халықаралық конференция өтті. Абай шығармаларына арналған жиында екі елдің әдебиеттанушы ғалымдары бас қосты. Сондай-ақ елшілік өкілдері мен бауырлас елде тұратын қандастарымыз қатысты.
Жиынның басты тақырыбы – Орталық Азияның мәдени тарихында ерекше орын алатын Абай тұлғасын ұлықтау. Өзбекстанда Абай шығармашылығы кеңінен танымал. Әсіресе терең философиялық ой-толғаулары қамтылған «Қара сөздері» үлкен сұранысқа ие.
Тұрдықұл Шанбай, әдебиеттанушы-ғалым, Шәкәрім университетінің профессоры:
Өзбек-қазақ әдебиеті бір-бірімен байланысты жалпы түркі халқы екеніміз белгілі. Сол алтын көпір мына жақтан Әлішер Науайы болса, біз жақтан Абай. Сондықтан біз жай құрғақ сөз болмасын деп, үлкен жұмыстарды бастап кеткенбіз. Абайдың інісі Шәкәрімді де насихаттауды қолға алдық.
Бүгінде Абай Құнанбайұлы шығармаларының елеулі бөлігі өзбек тіліне аударылған. Ақынның жинақтары қайта басылып, оқырман қауымға кеңінен таралуда. «Ұлы Абай қалдырған әдеби мұра уақыт пен шекара талғамайтын құнды дүниелер. Хакімнің өсиеттері, барша адамзат үшін өзекті», - десті жиналғандар.
Икрам Хашимжанов, Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы:
Абайдың рухани ұстазы Науайы, Фирдоуси, Сағдилер еді. Абай осы шығыстың шайырларының ғазалдарын оқып шығармаларын жазды. Міне, Абайдың толық болмысы.
Ұлы ойшылдың 180 жылдығын кең көлемде атап өтуде Өзбекстан жазушылар одағының үлесі зор. Жер жерде жыр мүшәйралары ұйымдастырылды. Бұл күні Абайдың өлеңдерін жатқа айтпаған адам кем де кем болды.
Қызырбек Шынасылұлы, Бейжіңдегі орталық халықаралық радиосы қазақ бөлімінің дикторы:
Абай атам айтады:Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға,Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға.
Осыдан 7 жыл бұрын Өзбекстан Президентінің Абай мұрасын зерттеу, халық арасында кеңінен насихаттауға байланысты қаулысы шыққан. Мақсат - қазақ-өзбек арасындағы мәдени байланысты нығайту, жастарды қазақ әдебиетімен таныстыру. Көрші ел үкіметі Абайдың 180 жылдығын атап өту шараларына 150 млн сумнан астам қаржы бөлген.
Базаркүл Отыншиева
