Ақмола облысында 20 шақты елді мекен «ауыл» мәртебесінен айырылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 20 шақты елді мекен «ауыл» мәртебесінен айырылуы мүмкін

01.08.2025

Ақмола облысында 20 шақты ауыл елді мекен мәртебесінен айырылуы мүмкін. Бұл ауылдардың көпшілігінде халық саны 50-ге де жетпейді. Әрі оқушы саны аз болған соң мектептер де жабылып жатыр. «Ауыл» мәртебесінен айырылған елді мекендердің ахуалы қандай болмақ?

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Көкшетаудың іргесіндегі Зеренді ауданынының өзінде ауыл мәртебесінен айырылуы мүмкін 14 ауыл бар. Оның бірі - мына біз тұрған Өндіріс ауылы. Қазір мұнда түтін түтетіп отырған 5 отбасы қалған.

Осыдан 10-15 жыл бұрын шағын ауылда өмір қайнап тұрды дегенге қазір сену қиын. Мектеп жабылған соң ауыл халқы қалаға үдере көшкен. Елді мекеннен қоныс аударудың екінші себебі - жұмыссыздық,-дейді тұрғындар.

Серікбай Нұғыманов, Өндіріс ауылының тұрғыны:

Жұмыс болмаған соң, жұрт ауылдан көшіп, аудан мен қалаға кетті. Қай жерде жұмыс бар, сол жаққа қоныс аударды. Жағдай осындай, жұмыс жоқ, үйлер мен мектептер қаңырап бос қалды.

Күйі кеткен ауыл аудан орталығынан небары 15 шақырым жерде орналасқан. Тұрғындар саны аз болған соң, «ауыл» мәртебесінен айырылып, жанындағы Бәйтерек ауылының бір көшесіне айналмақ.

Мал бағып, егін егіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған шағын елді мекендердің бірі – Кеңөткел ауылы. Көкшетаудан небәрі 50 шақырым жерде орналасқан ауылда тұрғындар саны азайып барады. Қазір небары 30 шақты шаңырақ түтін түтетіп отыр. Биыл мектеп жабылмақ, себебі 4-ақ оқушы қалған.

Күлпән Рахымова, Кеңөткел ауылының тұрғыны:

Ауылдың жағдайы осы, сиыр мен бие сауып, мал ұстаймыз. Базарға апарып қаймақ, май, ірімшік, қымыз, қоспа сатып күнелтеміз. Ауылда жұмыс жоқ, мектептер жабылып жатыр. Жастар кетіп, оқушы қалмады. Күнкөрісіміз тек малға байланысты.

Мектебі жоқ, тұрғындары санаулы ғана ауылды ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан, халық саны 50-ден аз елді мекендерді жауып, тұрғындарын тірек ауылдарға қоныстандырады. Алайда, ешкімді күштеп көшірмейміз,- дейді облыс әкімі.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

Бізде нақты жоспар бар. Үлкен жұмыс орындары мен орталықтар ашып, адамдарды қоныстандыру көзделіп отыр. Қаламыз деген адамды жарықсыз, жолсыз, инфрақұрылымсыз қалдырмаймыз. Қазақстанда ауылдарды жабу туралы шешім қабылдадық, бірақ мүмкіндік те беріп отырмыз. Өйткені ол жерлерде мал шаруашылығы дамып жатыр. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізілуде.

Туристік әлеуеті мықты деген Зеренді ауданының өзінде ауылдағы халық саны жыл сайын 1-1,5 мыңға азаяды. Мәселен, 2021 жылы ауданда 39 мыңға жуық тұрғын тіркелсе, 2024 жылдың соңында 33 мың адам қалған.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу