Саммит аясында «Балалар денсаулығын қорғаудың заманауи стратегиялары» атты жиын өтті
Елімізде неонаталдық өлім айтарлықтай төмендеді. Тәуелсіздік жылдарымен салыстырғанда бұл сан шамамен 3 есе азайып, Орталық Азиядағы ең төмен деңгейге жетті. Сонымен қатар ана өлімі 6 есеге, нәресте өлімі 7,5 есеге қысқарған. Бұл деректер Астанада өткен «Әрбір баланың денсаулығы мен әл-ауқаты: балалар денсаулығын сақтаудың заманауи стратегиялары» атты халықаралық конференцияда айтылды. Жиынға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ өкілдері және бірнеше елдің денсаулық сақтау министрлері қатысты. Шарада еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова алдағы 4 жылдыққа арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын таныстырып, маңызына тоқталды. Құжатта ерте даму, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі, психикалық саулық, қауіпсіз орта және теңсіздікті азайту мәселелері қамтылған. Жиын қорытындысында «Салауатты бастау — салауатты өмірдің негізі» стратегиясын қолдаған Астана үндеуі қабылданды. Құжат өңір елдерінің бала денсаулығын қорғаудағы ортақ ұстанымын айқындамақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы