Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Трамп Иранмен ымыра мерзімін ұзартты

АҚШ президенті Иранмен арадағы атысты тоқтату туралы келісім мерзімін ұзартатынын мәлімдеді. Тараптар екі апта бұрын ымыра жариялағаны белгілі. Сол бітімнің уақыты аяқталып жатыр. Дональд Трамп Иран порттарын блокадалауды Тегераннан ортақ ұсыныс түскенше және келіссөздер аяқталғанша жалғастыратынын ескертті. Алайда Исламабадта жоспарланған кездесудің өтер-өтпесі әзірге белгісіз.

ЕуроОдақ Иранға қарсы санкцияларды кеңейтпек

Ал Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлері Иранға қарсы санкция ауқымын кеңейтуге келісті. Бұл тізімге Ормұз бұғазының жабылуына жауапты тұлғалар енгізілмек. Еуроодақ дипломатиясының басшысы Кая Каллас осылай деп мәлімдеді. Жиында кеме қатынасы еркіндігі әркез қамтамасыз етілуі тиіс екені айтылды. Тегеран Ормұз бұғазын ақпанның 28-де АҚШ пен Израильдің шабуылы басталғаннан кейін жауып тастағаны мәлім. 

БҰҰ: Қақтығысты реттеудің тұрақты жолы - дипломатия

БҰҰ Израиль-Ливан қақтығысын реттеудің бірден-бір тұрақты жолы дипломатия деп мәлімдеді. Әлемдік ұйымның дерегінше, бітім жарияланса да, екі елдің шекарасындағы жағдай әлі де тұрақсыз. Газа секторы мен Батыс жағалаудағы гуманитарлық жағдай нашарлап барады. БҰҰ тараптарды шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге үндеді. 

2008 жылдан кейін туғандарға темекі сатуға тыйым салынды

Ұлыбритания парламенті «Темекі өнімдері мен вейп туралы» заңды мақұлдады. Оған сай корольдікте 2008 жылдан кейін дүниеге келген британиялықтарға өмір бойына шылым сатуға тыйым салынған. Денсаулық сақтау министрлігі құжатты тарихи деп атап, ол адам өмірін сақтап қалуға үлес қосады деп мәлімдеді. Ұлыбританияда шылым шегумен күрес жүйелі түрде жалғасып келеді. Елде бұған дейін темекі жарнамасына қатаң шектеулер енгізілген еді.

Бөлісу