Қазақстандықтар жарты жылда 25 млрд теңгесінен айырылған. Интернет алаяқтарының арбауына түскендер қалтасындағы соңғы тиынына дейін санап беріп жатыр. Әккілер тұрғындарды құрығына түсіру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Фишингтік қоңыраулар, жеткізу сервистері тіпті жалған банк шоттарын да пайдаланып отыр. Сондықтан құзырлы органдар барынша абай болуға шақырады.
Ернұр Медет, тілші:
Киберқылмыскерлердің құрығына түскендердің қатары жылдан жылға көбейіп барады. Мәселен, 2019 жылы 7700-ден астам факт тіркелсе, бүгінде бұл көрсеткіш үш есе өскен. Биылғы жарты жылдың өзінде 12 мыңға жуық жағдай анықталды.
Интернет алаяқтықтың кең таралған түрі фишинг. Бұл – адамның логині, құпиясөзі, банк картасының коды сияқты маңызды деректерді алдап алып қою тәсілі. Айлакерлер адамның эмоциясымен ойнайды. Қорқытады, асықтырады, сендіреді. Өзіңіз жайлы мәліметтерді өз қолыңызбен беруге итермелейді.
Жымысқы әрекеттердің бірнешеуін талдап көрсек. Әккілер сізге SMS, WhatsApp, Telegram арқылы хабарлама жібереді. Онда «тез әрекет етуіңіз керек» деген мазмұн болады. Мысалы: «Құрметті тұтынушы! Сіздің аккаунтыңыз бұғатталды. Қайта қосу үшін дереу мына сілтемеге өтіңіз».
Немесе жеткізу қызметінен: «Сәлемдемеңіз келіп тұр. Төлем жасау үшін картаңызды енгізіңіз» деген хабарлама келеді. Алаяқтар банктердің, мемлекеттік мекемелердің, жеткізу қызметтерінің сайттарын дәл көшіріп жасайды. Сондықтан аздап кідіріс жасап ойланбасаңыз кезекті құрбандардың біріне айналасыз.
Сондай-ақ оңай олжа схемасы. «Сіз iPhone 16 ұтып алдыңыз! Тауарды алу үшін тіркеліңіз: apple-freeprize.ru». Жалған сайт сізден аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді, картаңызды сұрайды. Бұл деректер арқылы не ақша ұрланады, не болашақта басқа алаяқтықтарға пайдаланылады. Сондықтан тегін ірімшік тек қақпанда болатынын ұмытпағайсыз.
Тіпті көшеде жүргенде біреу сіздің банк картаңызға аударым жасағысы келсе немесе ақша шешіп беруді сұраса да абай болғаныңыз абзал. Қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілініуіңіз мүмкін.
Ең маңызды ережелерді еске салсақ. Жеке деректерді ешкімге бермеңіз. SMS-код, банк кодтарын мүлде айтпаңыз. Банк те, полиция да сізден мұны сұрамайды. Ұтыс, жұмыс, банк және жеткізу қызметі туралы таныс емес адамнан келген хабарламаларға сақ болыңыз. Досыңыз немесе танысыңыз кенеттен ақша сұраса, қоңырау шалып, анықтап алғаныңыз жөн. Сондай-ақ қаржы операцияларын тек ресми сайттар мен қосымшалар арқылы ғана орындаған дұрыс.
Ернұр Медет
