Соңғы 5 жылда дәрігерлерге 170-ке жуық шабуыл жасалған. Биылдың өзінде 6 ақ халатты бұзақылардан зардап шегіпті. Мұндай оқиғалардың көбеюіне не себеп? Дәрігерлерге шабуыл жасағандар қандай жазаға тартылуы мүмкін? Депутаттардың ұсынысы бар ма? Әлемдік тәжірибе қандай?
Дәрігерлерге шабуыл соңғы уақытта көбейіп кетті. Осы айдың өзінде бірнеше медициналық мекемеден шу шықты. Өткен аптада Қарағандыдағы жекеменшік орталықта аға медбикені бәзбіреу көгала қойдай сабаған. Маман басынан жарақат алды. Ол аздай саусақтары сынып, денесінің сау-тамтығы қалмаған. Іле-шала Қостанайда аты дардай хирург-урологқа қастандық жасалды. Кезегін күтіп, тағаты таусылған 34 жастағы ер адам дәрігерге жұдырық ала жүгірген. Ауыр соққыдан ер адам жансақтау бөліміне түсті.
Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:
Қазір науқас нейрохирургия бөлімінде жатыр. Оған жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы және желке сүйектерінің сынуы диагнозы қойылды. Жарақаттары айтарлықтай күрделі. Бірақ жағдайы оңалып келеді. Толық ем-домды алып жатыр. Жақын арада орталықтан шығарып, оңалтуға жібереміз деген сенімдеміз.
Жамбылдағы жайт та әлі ұмытыла қоймады. Байзақ ауданында 10-шы шілде күні фельдшер оққа ұшты. Танысынан қастандық көрген 27 жастағы жас маманның қайта көрер жарығы бар екен. Кеуде тұсына оқ дарыған науқастың қабырғасы зақымданған. Бұл елде дәрігерлерге жасалған күш көрсету мен қастандықтың бір парасы ғана. Оған дәлел статистика.
Серікболсын Темірханов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі заң департаментінің директоры:
Соңғы 5 жылда 170-ке жуық фактілер тіркелді медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар. Орта және ауыр зиян келтірген фактілер бар. Былтыр 20-ға жуық, биыл 6-дан аса факті тіркелді. Бұған дәрігерлер тапшылығы алып келіп отыр. Осындай фактілер мамандардың саладан кетуіне әкеп соқтырады.
Ақ халатты қызыл қанға бояу фактілері көбейген сайын депутаттар шыр-пыр болады. Дәрігерлерді ұрып-соққандарға бөлек заң шығаруды сұрап жүр. Оның жазасын да қатаңдату көзделген. Бүгін бұл бастаманы Президент қолдап, Үкімет жоспар құрды.
Гүлдара Нұрым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Дәрменсіз заң барда дәрігер соққыға жығыла береді. Медицина қызметкерлері қаншама өмірлерді сақтап, адал жұмыс жасап жатыр. Біздің азаматтарымыз тұрмыстық жағдайға байланысты осы ашуын медицина қызметкерлерінен алады деп ойлаймын. Заң бойынша жазаны күшейту керек. Медициналық мекемелерде полиция, күзетулерді ұйымдастыру керек шығар.
Әлемге зер салсақ, бұл мәселе Қазақстанда ғана емес, көрші Қырғызстан мен алып АҚШ-та да өткір болып отыр. Соңғысында өзге мамандықтармен салыстырғанда дәрігерлерге келер қауіп 5 есе жоғары екен. Сол себепті бұл ел арнайы заң жобасын әзірлеуді бастап кетіпті. Ұлыбритания болса, ұрмақ түгілі медицина қызметкерлеріне қолының ұшын тигізуге де қорқатындай күнге жеткен. Бірнеше жыл бұрын мамандарды қорғау бойынша жаза қатаңдатылған. Кейбір жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы екі есе ұлғайтылады. Греция мен Бельгия да жаһанды жайлаған мәселені заңды күшейтіп қана жеңген.
Алдияр Айтбай
