Ресейдегі ірі мегаполистер қоқыс астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдегі ірі мегаполистер қоқыс астында қалды

22.07.2025

Ресейде 12 мыңға жуық қоқыс тастайтын полигон бар, жалпы аумағы 4 миллион гектар жерді алады. Алайда ірі мегаполистер қоқыстан тазара алмай жатыр. Былтыр 32 өңірде полигондар толып, қалаларды қалдық басқан. Іргелес елде соңғы 15 жыл бойы бұл мәселе көтеріліп келсе де, нәтиже жоқ.

Красноярск, Омбы, Волокаламск және Краснодар. Бұл ең көп қоқыстың астында қалған Ресейдің өңірлері. «5-8 жылдан кейін жағдай ушығады»,- дейді мамандар. Былтыр тек Мәскеуден 26 миллион шаршы метр қоқыс шығарылды. Тіпті қоқыс дағадарысымен күреске жергілікті биліктің де қауқары жетпей жатыр.

Леонора Николаева, зейнеткер:

Жиырма жылдан бері қоқыспен күресіп келеміз. Айналамыздың бәрі осындай қоқыс. Қанша жерден көмек сұрасақ та, әкімшілік мәселені шешпей келеді, тек келіп, қолын бір сілтейді.

Ресейде жыл сайын шамамен 70 миллион тонна тұрмыстық қалдық пайда болады, оның көпшілігі полигондарға жіберіледі. Тек 7%-ы қайта өңдеуге кетеді. Ал қоқыс полигондарының 80 пайызы қауіпсіздік талаптарына сай емес. Сондықтан бір күнде 10-15 полигонда өрт оқиғасы тіркеледі. Олардан күкірт, азот, көміртек оксидтері, ауыр металдар тарауда. ХХ ғасырдан бері келе жатқан полигондардың экологияға кері әсері тағы бар.

Ваге Рыбченко, Мәскеу бағбандар одағының бөлім басшысы:

Жалпы саяжайларда да бұл мәселе шешілмеген. Себебі қоқыс полигондарының басым бөлігі алыс орналасқан, ал тұрғындар оған өздері жеткізуі тиіс. Сондықтан да қоқыс тастап, айыппұл төлеп жүргендер көп.

2050 жылға қарай заңсыз полигондар Ресей аумағының 1% алуы мүмкін. Өңірлер жаңа полигон салу үшін қомақты қаражат жұмсап, арнайы бағдарламалар қабылдауда. Дегенмен Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты ірі қалаларда еңбек мигранты азайғандықтан, қоқыс жинайтын адам жоқ.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу