Бразилия дегенде әуелі футбол еске түседі. Бір кездері сол жаққа теңбіл допты түзу тебуді үйреніп келсін деп бір топ жасты жіберіп едік. Бірақ бұл талпыныс – оң нәтижеге ұласпады. Енді, Оңтүстік Америкада жатқан бұл елмен басқа қандай байланыс болуы мүмкін? Бір-бірімізге пайдамызды тигізетін сала да, бағыт та көп екен. Рио-де-Жанейроға барған қазақстандық делегация бразилиялық бизнес өкілдерімен кездесіп, олжалы келісімдерге келді.
Бразилиялық бизнес өкілдері Қазақстанның нарығына қызығып отыр. Мысалға, тау кен өндірісіндегі «Vale» компаниясы, автобустың алуан түрін құрастыратын «Мarcopolo» бренді, ас үй, құрылыс және электр құралдарын шығаратын «Tramontina», ядролық және қорғаныс технологияларын дамыту бойынша Бразилияның ең ірі стратегиялық агенттігіне айналған «Amazul» да Қазақстанмен байланыс орнатып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.
Ньютон Нето, Amazul компаниясының президенті:
Министрмен өте мазмұнды кездесу болды. Компаниямыздың әлеуетін таныстырып, уран өндіруден алдыңғы қатарда тұрған Қазақстанмен қандай бағыттарда серіктестікті дамыта алатынымызды талқыладық. Радиофармацевтика, ядролық медицина және зерттеу реакторлары сиқят бағыттарда бірлесежұмыс істеуге болады.
Қазақстан — Орталық Азияда көшбасшы ел. Бразилия — Латын Америкасының ең ірі экономикасы және саяси ықпалды елі. Сондықтан, сан түрлі салада серіктестік жасауға болады. Бірақ екі ел екі түрлі құрлықта және арасын он мыңнан аса әуе қашықтығы бөліп жатыр.
Касиано Перейра Виана, «Бразилия-Қазақстан» сауда палатасының президенті:
Ең үлкен мәселе логистика болып отыр. Бразилия мен Қазақстан арасын қалай тиімді жалғаймыз деген сұраққа жауап іздеп жатырмыз. Салаларға келер болсақ, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және заманауи технология бойынша ынтымақтастық орнатуды көздеп отырмыз.
Келіссөздерден оң нәтиже көп. Мысалға, Шығыс Қазақстан облысы мен Санта-Катарина штаты, Қазақстан машина жасаушылар одағы мен Бразилияның өндірісті дамыту агенттігі және инвестиция тарту бойынша «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мен «VON BOHLEN HALBACH» компания арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Бұл екі ел арасындағы байланыс жаңа кезеңге көшіп, нақты серпін алғанын көрсетеді, - дейді сарапшылар.
Жалғас Сәдібекұлы
