Астаналық «Вайнах» би ансамблі Болгарияда өткен байқаудан жүлделі оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық «Вайнах» би ансамблі Болгарияда өткен байқаудан жүлделі оралды

15.08.2018

Астаналық өнерпаздардан сүйінші хабар келді. Елордадағы «Вайнах» би ансамблі Болгарияда өткен би байқауынан жүлделі оралды. «Розы Обзора» деп аталатын халықаралық өнер сайысына 9 елден 9 би тобы қатысқан. Нәтижесінде біздің өнерлі балғындар Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Ресейден келген би топтарынан оза шауып, бас жүлдеге ие болды.

Ансамбльдің күнделікті дайындығы спорттық жаттығулардан басталады. Себебі, лизгинка - физикалық күшті қажет ететін би түрі. «Шешен-ингуш» мәдени орталығы жанынан құрылған «Вайнах» би ансамбліне биыл бес жыл толады. Топта 100-ге жуық өнерпаз бар. Көбіне тау халықтарының биін орындайды. Болгарияда өткен өнер додасына кавказ бен грузин биін апарыпты.

Ханифа Мациева, «Вайнах» би тобының жетекшісі:

- Басында жеңеміз деген сеніммен жүрдік. Кейін қатысатын би ұжымдарын көргенде бойымызда күдік басым болды. Бірақ, мен балаларға «Жеңімпаз болу міндет емес, бастысы - қатыстық. Болды!», - дедім. Теңізді көреміз, күнге күйеміз деп, балаларды да, өзімді де жұбаттым. Марапаттау кезінде біздің ансамбльді атағанда жүрегіміз жарыла жаздады. Біз оны күтпедік.

«Вайнах» би тобы еліміздегі ірі мәдени шараларды құр жібермейді. Түрлі байқауларда да жеңіске жетіп жүр. Шекара асып, өзге мемлекетте өнер көрсету - басты мақсаттары болатын. Ол да орындалды. Лизгинканың қыр-сырына әбден қаныққан балғындардың топтан шығатын ойлары жоқ.

Санжар Ерғали:

- Мен мұнда кішкентай кезімнен келдім. Би маған қатты ұнайды. Басында қиын болды, қазір үйрендім.

Мирас Мұратов:

- Конкурста бірінші орын алдық, қуандық. Біз Кавказ биін билейміз. 

Рамзан Береханов:

- Мен кавказ биін көріп, қатты қызықтым. Сосын ата-анама сонда апаруды өтіндім. Олар жетекшіні тауып алып, мені үйірмеге әкелді. Кавказ биі – көңіл-күйді көтеретін би. Маған қатты ұнайды.

Ансамбль мүшелерінің демалатын уақыттары жоқ. Астанада қараша айында ірі халықаралық байқау өтеді. Шетелден жүлделі оралған би ұжымы «елде өтетін шарада да алдыңғы орынды бағындырамыз»,  деп белсеніп отыр.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу