АҚШ Украинаға қару-жарақ жеткізуді ішінара тоқтатты. Әлем ақпарат құралдары енді Киев Вашингтоннан «Пэтриот» зымырандары мен «Хаймерс» снарядтарын ала алмайтынын хабарлап отыр.
Украинада соғыс басталғалы Америка Құрама Штаттары 67 миллиард доллардың қаруын берген екен. Оған 500 миллион оқ пен граната, 3 миллион артиллериялық снаряд, 31 танкі және 5 мың «Хаммер» әскери машинасы кіреді. Бірақ Украина үшін қазір ең маңыздысы – әуе қорғанысы. Пентагон Киевті сол мүмкіндіктен айыруға жақын. Бұл хабар әрине украин жұртын қатты алаңдатып отыр.
Оксана Курочкина, Киев тұрғыны:
Егер бізде әуе қорғанысы қалмайтын болса, мен Киевтен көшемін. Өйткені қауіпсіздігім - бірінші кезекте. Қазірдің өзінде кетуді ойлап жүрмін.
Александр Бабьюк, Киев тұрғыны:
Бізде қазір әуе қорғанысына қажетті қару қоры таусылуға жақын. Өкініштісі сол – «Пэтриот» зымырандарына балама жоқ. Олар Ресейдің «Кинжал» ракеталарын құлатуға қолданылды ғой.
АҚШ Украинаға қару жөнелтуді жартылай тоқтататынын сәрсенбіде ескертті. Себебі қоймаларында арсенал азайып кеткен.
Әлем ақпарат құралдарының дерегінше, Украинаға енді жіберілмейтін қарулар қатарына дәл осы «Пэтриоттың» ракеталары да бар. Сонымен қатар Америка Киевке «Хаймерс» артиллериялық жүйесіне арналған 155 миллиметрлік реактивтік снарядтарды жеткізуді де тоқтатпақ.
Федор Вениславский, Украина парламентінің депутаты:
Бұл шешім біз үшін жағымсыз болып тұр. Себебі ресейлік шабуылдарынан бейбіт қалаларымыз бен елді мекендерімізде Украина азаматтары кунде өліп жатыр. Өте жағымсыз жағдай.
Кейбір бақылаушылардың ойынша, Пентагонның Киевке қару беруді шектеуі Украинаның өзін-өзі қорғау мүмкіндігін әлсіретіп, майдан шебінде Ресей әскерін тіпті күшейте түсуі ықтимал.
Бірақ Кремльдің мәлімдеуінше, Құрама Штаттардың Украинаға қару-жарақты аз жеткізуі соғысты тезірек аяқтауға үлес қосады.
Осындай шақта Украина аспанын қорғау Еуропа үшін өзекті мәселеге айналды.
Йоханн Вадефуль, Германия сыртқы істер министрі:
Менің ойымша, басты қауіп әуеден болатыны тағы да мәлім болды. Бұл дегеніміз, біздің қандай әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін қолжетімді етуіміз қажеттігін ойластыруға міндетті екенімізді білдіреді.
Дегенмен АҚШ биыл көктемде Украинаға қару мен барлау мәліметтерін беруді бір мәрте тоқтатып, кейін оларды қайта жандандырғаны бар. Сондықтан байбаламға әлі ерте дейді бақылаушылар.
Оның үстіне, Пентагонның шешімі Украинаны да, Еуропаны да әскери ынтымақтастықты күшейтуге итермелеп, қажетті қаруды өздері шығаруға ынталандыра түсуі ғажап емес.
Арыстан Рысбек
