3 музей ашып, 5 мың жәдігер жинаған азамат БҚО-да тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3 музей ашып, 5 мың жәдігер жинаған азамат БҚО-да тұрады

30.06.2025

Батыс Қазақстан облысында 3 ауылда музей ашып, өмір бойы 5 мыңға жуық жәдігер жинаған адам тұрады. Теректі аудандық музей қорының 80%-ы Аманжол Сәлімовтің жеке коллекциясындағы көне заттар. Ауыл басқарғанда «фанат әкім» деген аты қалған. 

Аманжол Сәлімовтің мамандығы - зоотехник. Бірақ бала жасынан құмнан тас-темір жинап, археологияға қызыққан. Базартөбе, Жаңақала, былтыр Теректі ауылында музей ашты. Дені – өзі бейнетпен іздеп тапқан жәдігерлері. Айтуынша, қазып кетсе, Теректі тұсындағы Жайық бойынан ежелгі дәуір сүтқоректілерінің сүйектері, тасқа айналған ағаштар шығады.

Аманжол Сәлімов, Теректі аудандық тарихи-өлкетану мәзейінің меңгерушісі:

Бұл - мамонттың тісі. Азуы ғой. Осындай екеу болады екен. Екіншісі - мына жерде. Юр кезеңіндегі ашылып қалған жарлардың орындары бар. Бұл жер Хвалын теңізінің орны деп есептеледі. Осындай жәдігерлер іздесе, табылады.

Еңбекқор жан осы кезге дейін 5 мың жәдігер жинаған. Құнды зат көрсе, аттай қалап, сатып алады. Бүкіл тапқан табысын көне жәдігерге жұмсайды. Бір қызығы - көбін республикалық музейлерге тегін беріп жіберген. Бір шелек көне тиындарды да келім-кетімге таратып берген.

Аманжол Сәлімов, Теректі аудандық тарихи-өлкетану мәзейінің меңгерушісі:

Жайық жағасында тиындар көп кездеседі. Бояудың ұшы сияқты оқтар да толып жатады. Соны жинайтын едік. Сақманға барғанда теріге оралған қылыш шықты. Ұшы шіріген. Сабы күміс, тастары бар. Кейбір адамдар сені бір ескі-құсқы жинайтын қияли адам деп қабылдайды.

Кейіпкеріміз ауыл әкімі болып жүрген жерінен жұмысын тастап, музейге қызметке тұрған. Сол кезде оның «фанат әкім» деген аты өңірге тарады. Тапқан жәдігерлері республикалық көрмелерге қойылды. Әлі де дала кезіп, қорым-оба аралап, экспедицияға жиі шығып тұрады.

Айболат Құрымбаев, өлкетанушы:

Өзінің жеке коллекциясынан музей жасақтап, оны мемлекетке беру деген екінің бірінің қолынан келмейді. Өзі өте ашық, ақкөңіл адам. Бірнеше рет бірге экспедицияға шықтық. Экспедицияға өте ыңғайлы адам. Себебі далалық жағдайда, шаң-тозаңда мезгілсіз жүруге кез келген адам шыдамайды, шыны керек.

Музейдің жертөлесінде қуғын-сүргін жылдарына арналған экспозиция жасақталған. Экспонаттардың көбін өзі қолдан жасапты. Аманжол Сәлімов әрбір тас пен түймені тарих деп түсінеді. Құнын біледі. Жәдігерлерін көзінің қарашығындай сақтайды. Кейінгі ұрпаққа да өлке тарихын кеңінен насихаттап жүр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу