Мектептерде цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект пәндері енгізіледі
Енді оқушылар жасанды интеллектіге сауатты сұрақ қоюды, мәтін жазуды 1-сыныптан бастап меңгереді, ал жоғары сынып оқушылары чат-боттар сияқты күрделі құралдарды өз бетінше жобалай алатын болады. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары үшін цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект пәні енгізілсе, жоғары сыныптар үшін информатика және жасанды интеллект сабағы оқытылатын болады.
Күні кеше Президент барлық мектептерде жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес Үкімет 1 шілдеге дейін орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің үш жылдық кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуі тиіс. Ал маусымға дейін - қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту үшін пилоттық жоба іске асады. 1-тамызға дейін - барлық мектептерді техникалық жарақтандыру, тұрақты интернетпен қамтамасыз ету мәселелері шешілмек. Қыркүйекке дейін - ЖИ қолдану стандарттары бекітіледі. Қазірдің өзінде мектептерде жасанды интеллектіні қолдану бойынша арнайы ережелер әзірленіп жатыр. Мамандар, ақылды технологияны мектептерде енгізу - мұғалімді алмастыру емес, көмекші құрал ретінде қарастырылуы тиіс дейді.
Аида Әбіләкімова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы:
Тәуекелдері де бар, бұл жерде шамадан тыс сену ЖИ-ге, үй тапсырмаларын жасаған кезде қолдану, сол үшін бұл жерде академиялық ереже өте маңызды. ЖИ-ді сабақ кезінде, сабаққа дайындалу кезінде , идеялар, шығармашылық идеялар іздеу кезінде, қиын тақырыптарды талдау кезінде сұрақтар қоюға болады. Ал мысалы толықтай тапсырманы көшіріп алу, немес материалды толықтай көшіріп алу – бұған рұқсат етілмейді.
Ал жаңа оқу жылынан бастап енгізілетін цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект пәндері оқушының заман ағымына сай сапалы білім алуын қамтамасын етеді. Айталық, бастауыш сынып оқушылары жасанды интелектіге сауатты сұрақтар қою, промт жазуды үйренсе, орта сыныптарда ЖИ алгоритмдерін меңгереді, жоғары сынып оқушылары күрделі құралдарды өз бетінше жобалауды мектеп қабырғасынан бастап меңгеретін болады. Бұл ретте, мектептерді сапалы әрі жылдам интернетпен қамтамасыз ету мәселесі басты орында.
Айдана Мергенбекова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы:
Барлық білім беру ұйымы интернетпен жабдықталған, бірақ жоғары жылдамдыққа қолжеткізу бойынша тиісті жұмыстар әлі кезең-кезеңмен жалғасуда, ауылды жерлердегі мәселелрід шешу бойынша. Сонымен қатар тиісті құрылғылармен, материалдық базалармен жабдықталуын ең бірінші міндет ретінде қарастырылып отыр. Жергілікті әкімдермен бірлесіп жұмыстар жүргізілетін болады.
Бұл ретте мұғалімдердің де біліктілігі маңызды. Өткен жылы 200 мыңнан аса педагог ЖИ-ні сауатты қолдану бойынша даярлық курсынан өтті.Айтпақшы, жеке деректер қауіпсіздігі жіті қадағаланатын болады. Айталық, білім ошақтарында ЖИ платформаларын енгізген кезде, оқушы жеке аккаунтынан емес, мектеп аккаунтынан тіркеледі, осылайша платформаларда сақталған деректер үнемі қадағаланады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы