Ресейдің Мәскеу және қазақтар көп шоғырланған өңірлерінде қазақ тілі сыныптары мен домбыра үйірмелері жұмыстарын қайта жандандырды. Әсіресе ұлттық ансамбльдердің саны артқан. Қазақ тіліне тек қандастар емес, өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытуда.
Мәскеу облысында ресми 100 мыңға жуық қандасымыз қоныс тепкен. Алғашында оқулық жетпей, қазақ тілін үйренуге құлшыныс болмады. Ал енді сапалы оқулықтар жеткізіліп, ұлттық өнерге баулыған үйірмелер де көбейді. Қуантарлығы қазақ тілі сабақтарына бұрын тек балалар қатысса, қазір егде жастағылар да ана тілін үйренем деп келуде. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бөлек сабақ өткізу қарастырылған.
Гүлмай Хамиденова, қазақ тілі мұғалімі:
Осында тұрып жатқаныма 30 жылдан асқан. Мен осы Мәскеудегі қазақ тілін үйренемін деушілерге тегін, Мәскеудегі ВДНХ Қазақстан павильонында қазақ тілін оқытамын. Қазақ тілі бастауыш топ және жалғастырушы топ болып екі топқа бөлінеді. Біздің осы курсымызға қазақ қандастарымыздан бөлек, басқа ұлттың өкілдері, жасына, білім деңгейіне қарамастан, оқимын деген, талаптанған адамдар келіп, оқып жатыр.
Ал домбыра үйірмелері Мәскеуден бөлек, Омбы, Түмен, Астрахань облыстарында жұмыстарын жандандырды. Олар ұлттық аспапты арнайы Қазақстаннан жеткізеді. Тек Омбы облысында 10-нан астам қазақ ұлттық ансмаблі бар.
Майра Қилыбаева, домбыра ұстазы:
Саратовтан, Астраханнан, арасында орыстар бар, белорустар келіп, домбыраға қызығушылық танытып жатыр. Сөйтіп мен домбыра үйретіп жатырмын. Қазір репертуарда 4-5 ән бар. Осы шілдеде үйірмемізге бір жыл болады. Группамызда 20 шақты адам бар. Тәртіп өте жақсы, жақсы ән айтып, грамоталар, мадақтар алып, үлкен-үлкен сахналарға шығып жүрміз.
Енді өзге де өңірлердегі қандастарымыз қазақтың салтын дәріптеп, дәстүрін жаңғырту мақсатында ұлттық ансамбльдердің санын арттырмақ. Биыл бірнеше өңірде Абайға арналған жыр мүшайраларын өткізу жоспарда.
Индира Бегайдар
