Түркияда Қазақстан күндері басталды. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында өткізілетін шара барысында Анадолы жерінде бірнеше ауқымды бағдарлама жоспарланған. Соның алғашқысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысының түрік тіліне аударылған кітаптың тұсаукесері. Балалар әдебиетінде ойып тұрып орын алған қазақтың шығармасын тәржімалаған – Түркияның белгілі ғалымы Жәмилә Кынаджы.
Жәмилә Кынаджы – түркі әлеміне кеңінен танымал ғалым. Түбі бір түркі елдерінің әдебиетін түрік тілінде сөйлетеді. Әсіресе, қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын көбірек аударған. Соңғы еңбегі Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романы. Енді Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысын Анадолы елінің оқырмандарына тарту етіп отыр. Кітапты небәрі 6 айдың ішінде тәржімалаған.
Жәмилә Кынаджы, аудармашы:
- Қожа деген кішкентай бала. Бірақ, оның дүниесі кең. Ол әділетсіздікке қарсы тұрады. Сондықтан, оның маған тік бейнесі ұнайды.
Бердібек Соқпақбаевтың түрік тіліне аударылған туындысының әзірге 2 мың данасы жарық көрді. Кітап Түркияның жоғарғы оқу орындары мен кітапханаларына таратылады. Егер қызығушылық жоғары болса, оның санын арттыру жоспарланып отыр. Ал, жалпы, туынды бұған дейін әлемнің 67 тіліне аударылған.
Тұсаукесер шарасынан кейін талай адамның көңілін баураған «Менің атым Қожа» көркем фильмі көрсетілді. Қожаның образына түрік көрермендері тәнті болып, қазақ пен түрік баласының ұқсастығын аңғарды. Түркиядағы елшілігіміз туындыны болашақта дубляждап, жергілікті арналардан көрсетуді жоспарлап отыр.
Аднан Мерт, көрермен:
- Маған бұл фильм өте ұнады. Актер жас болса да, Қожаның рөлін керемет сомдаған. Фильм арқылы сол кездегі қазақ халқының тұрмыс тіршілігімен таныс болдым. Түріктердің өміріне ұқсас екен. Бұл біздің түбіміз бір екенінің тағы бір дәлелі.
Қазақстан күндері аясында ел бойынша бірнеше шара жоспарланған. Елден келген делегация Анкарадан кейін Малатья, Шанлыурфа қалаларына аттанып, арнайы бағдарламаларын тарту етеді. Сондай-ақ, Астананың 20 жылдығына арналған бағдарламада жоспарланып отыр.
Бақытжан ОМАР