Маңғыстаудың Бейнеу ауданында қара қоңыз қаптап, тұрғындардан маза кетті. Жәндіктер ауыл-аймақтарды жаппай жайлап, тұрғын үйлерге дейін кіріп кеткен. Халық не істерін білмей отыр. Құзырлы орган да мұндай жағдайдың бұрын-соңды болмағанын айтып, аң-таң. Сондықтан адамға зияны бар-жоғын анықтау үшін жәндіктер зертханаға жіберілді.
Бұл - Бейнеу ауылындағы көрініс. Қара қоңыздың жайлағанына 5 күн болған. Жәндіктер көшелерде, саябақтарда, тұрғын үйлердің жанында қаптап жүр. Бейнеуден өзге ауданға қарасты Ақжігіт, Боранқұл, Сарға ауылдарының тұрғындары да қаптаған қоңыздан зәрезап болып отыр.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Бұл - Бейнеу ауданындағы орталық стадион. Мінеки, өлген қоңыздар жайрап жатыр. Тұрғындардың айтуынша, қара қоңыздар тек түн батқанда шығады.
Бейнеу ауылының тұрғыны Бақыт Тілеумұратова 4-5 күннен бері түнде ұйқы көрмегенін айтады. Себебі қоңыздар үйге дейін кіріп кеткен, жатқызбайды.
Бақыт Тілеумұратова, Бейнеу ауылының тұрғыны:
Осы балалардың құлақғына кіріп, шағып ала ма деп, немерелерімді Ақтауға қыдыртып жібердім. Қайта-қайта өлтіріп жатырмыз, өлтірген сайын көбейіп жатыр. Кешеде жаңбыр себеледі, содан кейін пайда болды. Түнге қарай ұйқы жоқ, 5 күн болды ма?!
Ауылдықтар қоңыздар құдықтарға да түсіп, су іше алмай, қинылып отырғандарын жеткізді. Тұрғындардың арасында жәндіктермен өз бетінше күресіп, улап жатқандар да бар.
Кенжеғұл Әбілшеев, Бейнеу ауылының тұрғыны:
Кешке қарай бастайды, қақпаның іші толып кетеді. Үйдің төбесі шытырлап жатады. Жатқызбайды түнімен. Қалай өлтіретінін таппай жатырмыз. Көршілердің бәрі сонымен арпалысып жатыр. Улайын ба деп, мына жерде «палач» деген дәрі бар деп еді, соған бара жатыр едім.
Нәубет Бекқалиұлы, Сарға ауылының тұрғыны:
Келіп тексеріп жатқан адам жоқ. Улап жатқан ешкім жоқ. Құдықтың ішіне кіріп кетіп тұр. Ауызсуымызға да кіріп кетеді. Қоңыздан біз су да іше алмай отырмыз. Оған қоса шегіртке де келіп жатыр.
Аудандағы мамандар мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанын айтады. Сондықтан қаптаған қара қоңыздың қаншалықты зиян екенін анықтамақ.
Дастан Мұқанов, Бейнеу аудандық фитосанитария бөлімінің басшысы:
Бұл табиғи құбылыс. Табиғи құбылысқа кім не істей алады, ештеңе істей алмаймыз. Бірақ анықтап жатырмыз бұл қоңызды, лабораторияға жіберіп, анық-қанығын біліп карантиндік па - белгілі болғаннан кейін жауабын береміз.
Аягөз Оралбайқызы
