Елімізде 3000-нан астам қалдық полигоны бар. Соның 20%-ы ғана стандартқа сай. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Үкімет 200 млрд теңге қаражат бөлді. Бұл қаржы қалай игерілмек? Елде пластикті қайта өңдейтін кәсіпорындардың саны арта ма?
Ақниет Балтанова, тілші:
Мына қаншама қоқысқа «қалдық деп емес, шикізат ретінде қарау керек». Экобелсенділер осылай дейді. Яғни бұлардың әрқайсысына екінші өмір сыйлап, кәдеге жаратуға болады. Алайда қоршаған ортаны ластарда, әр қоқысты тастарда біз мұны ескере бермейміз. Нәтижесінде елімізде 4,5 млн тонна қалдық түзіледі. Оның тек 25%-ы қайта өңделеді. Ішіндегі ең зияндысы – пластиктер.
Шасалин Шагалинов - пластикті жинап, қайта өңдеумен 4 жылдан бері айналысып жүрген кәсіпкер. Айтуынша, салада мүлдем ілгерлеу жоқ. Табысы да шамалы. Мемлекеттен қолдау болмай жатқаны тағы бар.
Шасалин Шагалинов, кәсіпкер:
Қазір күніне 1,5-2 тонна пластикті қайта өңдеп жатырмыз. Қарамағымда бар-жоғы 8 адам жұмыс істейді. Негізі күндік көлемді 4 тоннаға дейін арттыруға қауқарымыз жетеді. Әрине, егер қолдау болса. Салаға субсидия бөлінеді деп айтады, бірақ оған неше жылдан бері іліге алмай келем. Логистика жағынан да, шикізат тұрғысынан да мәселе көп.
Дәл осындай елімізде пластикті өңдейтін 50 кәсіпорын бар. Бірақ жылына шығарылатын 600 мың тонна пластик қалдықты игеруге олардың қауқары жетпейді. Аты бар, бірақ қалдықты игеруге қаражаты жоқ кәсіп иелері аз емес. Жағдайды реттеу үшін жауапты ведомство қандай шаралар қолданбақ?
Абылай Алмұханов, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары:
Жалпы қалдықтарды қайта өңдеуді ынталандыру мақсатында жеңілдетілген несие бағдарламасы бар. Ол утилизациялық алым есебінен осы саладағы қалдықтарды өңдеумен айналысуға ниет білдірген компанияларға 3%-дық несиемен 15 жылға несиелендіру жүргізіліп жатыр. Ол жоба аясында, қазіргі таңда пластикті қайта өңдеу бойынша 14 жоба бар, жүзеге асырылуда.
2024 жылы Үкімет қаулысына сәйкес, қалдықтарды тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу мақсатында 200 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа бүгінгі таңда 63 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 14-і нақты пластикті өңдеуге бағытталмақ. Кәсіпорындарды көбейту маңызды түйткіл болса, олардың сапалы жұмыс атқаруы да өзекті мәселе. Астаналық экобелсендінің айтуынша, еліміздегі қалдық полигондарының басым бөлігі талапқа сай емес. Әрі халық арасында қоқысты сұрыптау мен өңдеу мәдениеті де төмен.
Айдана Қадырова, экобелсенді:
Қазақстанда 3000-нан астам қалдық полигоны бар. Соның тек 20%-ы ғана стандартқа сай келеді. Ал қалған 2400-ден астам полигон стандартқа сай келмейді. Негізі пластиктің 7 түрлі маркировкасы бар. Мысалы, 1-күнделікті қолданатын сулар. Оны екінші рет пайдалануға болмайды. 2-тұрмыстық заттардың (сусабын, гель) қалдықтары. 3-үйдегі розеткалардың сымдары. 4-қоқыс пакеттер, ойыншықтар. 5-ең зиянсыз пластиктің түрі - полипропилин деп аталады. 6,7 - тамақ ішуге арналмаған, тек бір реттік ыдыстар. 7- барлық пластиктің араласқан түрі. 5-маркировка ең қолайлы пластик екенін ұмытып кетеміз немесе халық білмейді. Халықтың негізі экологиялық білімі нашар деуге болады.
Экологтар пластиктен біржола құтылу мүмкін емесін ашып айтты. Бірақ тұтынуды азайтуға болады. Ал былтыр 11 мың тонна пластик Ресей, Қытай, Өзбекстан сынды көрші мемлекеттерге жіберілген. Демек, біз пластикті көп тұтынып, ал одан пайда табу тұрғысынан қалыс қалып отырмыз.
Ақниет Балтанова
