Президент Италияның Премьер-министрімен келіссөз жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Италияның Премьер-министрімен келіссөз жүргізді

30.05.2025

Италия Ұлттық музей жанынан реставрация орталығын салып береді. Сондай-ақ биыл Жетісу облысында италиялық беделді университеттің филиалы ашылады. Оқу орны төрт бағыт бойынша мамандар даярлайды. Астанаға ресми сапармен келген Италияның Премьер-министрі Ақордада Мемлекет басшысымен келіссөздер жүргізіп, екі ел арасында 8 құжатқа қол қойылды. Ол қандай құжаттар? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Міне көріп тұрғандарыңыздай Италияның Премьер-министрі Ақордаға келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір мәртебелі мейманды қазақстандық делегация өкілдерімен таныстырып жатыр. Экономист, сарапшылардың сөзінше, Джорджа Мелонидің Қазақстанға сапары екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа дейге көтереді.

Италия Қазақстанның сауда серіктестерінің топ үштігіне кіреді. Соңғы 20 жылда елімізге 7 млрд доллардан астам инвестиция құйған, ал екеуара сауда айналым былтыр 20 млрд долларға жетті. Джорджа Мелонимен келіссөздер жүргізген Мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің басшылығыңызбен Италия Үкіметінің Қазақстанмен арадағы тығыз қарым-қатынастарды сауда және инвестиция салаларында ғана емес, парламентаралық ықпалдастық бағытында дамытуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ екіжақты гуманитарлық ықпалдастыққа да шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің бұл сапарыңыздың екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор.

Италияның Премьер-министрі Қазақстанды стратегиялық серіктес, ал Орталық Азияны Азия мен Еуропаның арасындағы байланыс бекеті ретінде қарастыратынын жеткізді.

Джорджа Мелони, Италияның Премьер-министрі:

Сізді көреген көшбасшылардың бірі санаймын. Қазіргі сын-қатерлерді терең түсінетін адаммен әңгімелесу мен үшін өте құнды. Біздің байланыстарымыздың деңгейі жоғары. Мұны бұған дейін бірнеше рет атап өттік. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік жеткілікті. Менің сапарымның мақсаты да осы. Сіздің еліңіздің Батыс пен Шығысты байланыстырып жатқан алтын көпір ретіндегі тарихи мәнін жақсы білеміз.

Маңғыстауда гибридті электр станса іске қосылады

Екі ел арасында стратегиялық әріптестік экономика, инвестиция, мәдениет әсіресе энергетика бағыты бойыншы қарқын алып келеді. Мәселен италиялық Maire Tecnimont компаниясы елімізде инженерлік хаб ашып, полиэтилен өндірісін жолға қоюды көздеп отыр. Кәсіпорын Орталық Азия мен Кавказ өңірін толық қамтымақ. Сондай-ақ «Eni» және «ҚазМұнайГаз» компаниясының Маңғыстауда гибридті электр стансасын салып жатыр. Оның бір бөлігі биыл іске қосылады.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл жылдың аяғына дейін біз күн панельдерін іске қосамыз. 2026 жылға дейін газ қондырғысын іске қосамыз. 2026 жылдың аяғына дейін жел электр станциясын іске қосамыз.

Елімізде италиялық университеттің филиалы ашылады

Италия тарапы Қазақстанмен білім беру бағыты бойынша да серіктестік орнатуға дайын. Оған айқын дәлел биыл тұңғыш рет елімізде италиялық беделді университеттің филиалы ашылады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Қазіргі таңда біздің жоғары оқу орындарымыз бен Италия жоғары оқу орындарының арасында 58 екіжақты келісімге қол қойылды. Бірақ ең үлкен нәтиже бүгін жарияланатын Жетісу өңірілік мемлекеттік университетінің негізінде биыл тұңғыш италияндық ЖОО-ның филиалы ашылады. Өте мықты агрономия, ауыл шаруашылығы саласындағы университет.

Италия ұлттық музей жанынан реставрациялық орталық ашады

Сондай-ақ Италия Астанадағы ұлттық музей жанынан реставрациялық орталық ашып береді. Бұл біздің құнды жәдігерлеріміз бен мәдени мұрамызды қалыпта ұстауға мүмкіндік бермек.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Келісім бойынша италиялық әріптестеріміз бізге Реставрация орталығын құрып береді. Технологияларын, жабдықтарын тегін беруге дайын. Сонымен қатар мамандарды оқытуды да ұйымдастырады. Өкінішке қарай бізде реставрация жұмыстарын жекеменшік ұйымдар жасап, барлық қаражатымыз соларға кетеді. Ал облыстардағы музейлердің жекеменшік ұйымдардың қызметіне жүгінуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Ұлттық музейдің ішінде құрамыз. Содан кейін республика деңгейінде реставрация жұмыстарын өзіміз атқарамыз.

Қазақстан және Италия лидерлерінің келіссөздері барысында екі ел арасындағы тұлғалардың реадмиссиясы туралы, су ресустары, экология, экономика мен қаржы саласында 8 бірдей келісім жасалып, тараптар құжат алмасты.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу