Жыл басынан бері 4 млн 800 мың азамат тегін дәрі-дәрмекті QR-код арқылы алды. «Әлеуметтік әмиян» қосымшасына енгізілген жүйені тұтынушылардың 80% оң бағалаған. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі бұл қызметті әлі де жетілдірмек. Алда жүйеге қандай өзгерістер енбек?
Қазір елде 700-ден астам медициналық ұйым тегін дәрілерді QR-кодпен береді. Бұл электрондық жүйе дәрі-дәрмектің заңсыз айналымына тосқауыл қойып, қызмет сапасын арттырған. Cервис әсіресе созылмалы ауруы бар пациенттер үшін тиімді, дейді дәрігерлер.
Алтыншаш Табулдина, №5 қалалық емхана директоры:
Біз бүгінгі күні 80 пайызға дейін жетіп отырмыз. Сол «Әлеуметтік әмиянды» көпшілік қолданады. Неге десеңіз, сол «Әлеуметтік әмиянды» өздері қарап отырады. Қандай дәрі алды, қандай маркировкамен алды, қай уақытта алды - бәрі көрініп тұрады. Халық жақсы қабылдап жатыр.
Динара Жарқынбек, тілші:
Пациент «Әлеуметтік әмиян» мобилдік қосымшасына кіріп, дәрі-дәрмек тізімін қарайды. Дәріханаға барып, QR-кодты көрсетсе, штрих-код сканері арқылы қажетті препаратты алып кете алады. Алайда егде жастағы адамдар бұл жүйені толық меңгермеген. Сондықтан олар үшін бұрынғыдай қағаз рецепті де қолжетімді.
Бауыржан Мелдебай, ҚР ДСМ ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы:
4 млн 800 мыңнан астам азаматымыз дәрі-дәрмекті алды. Соның ішінде үлкен жастағы азаматтар, ата-әжелер. Сонымен қатар ол кісілерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. QR-кодтан бөлек дәрі-дәрмекті өзі алып кете алады.
Сондай-ақ алдағы уақытта жүйеге «науқастардың қамқоршысын тіркеу» тетігі енгізілмек. Бастама іске қосылса, қамқоршылар пациенттің дәрі-дәрмегін алуға құқылы.
Динара Жарқынбек
