ЮНЕСКО Қазақстан Халқы Ассамблеясының қызметіне үлкен қызығушылық танытты. Бұл жайында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен Ассамблеясының 30 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстелде белгілі болды. Шарада еліміздің этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау тәжірибесі, сондай-ақ жастарға арналған әлеуметтік және мәдени жобалар таныстырылды. Ұйым бөлім басшысының орынбасары Лидия Брито Қазақстанды мультикультурализм қағидаттарына негізделген мемлекет екенін айтып, елді татулық пен ынтымақтың үлгісі ретінде атап өтті.
Линда Тинио-Ле Дуаран, ЮНЕСКО инклюзия, құқық және мәдениетаралық диалог жөніндегі бөлім басшысының орынбасары:
Қазақстан Халқы Ассамблеясы біз үшін өте маңызды ұйымға айналып отыр. Ол жергілікті деңгейде тамаша жұмыс жүргізіп жатыр, ал ЮНЕСКО осы бағдарламалардың аясын кеңейтіп, Қазақстандағы үздік тәжірибелерді, әсіресе жастар бастамалары саласында көрсетуге серіктес болуға ниетті. Біз бұл тәжірибені өзге елдер мен серіктестерге үлгі ретінде көрсеткіміз келеді.
Ассамблеяның жастар қанаты бүгінде 12 мыңнан астам белсенді мүшені біріктіреді. Олар үшін білім беру бағдарламалары, гранттар мен қоғамдық жобалар арқылы жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бұл бастамалар енді ЮНЕСКО-мен әріптестік аясында халықаралық деңгейде жүзеге асырылмақ.
Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы:
«Ассамблея жастары» ұйымын ЮНЕСКО-ның Ғаламдық жастар қауымдастығына қабылдау процесі аяқталуға жақын. Бұл – Қазақстанның атынан халықаралық алаңда белсенді жұмыс істеуге және отандық жастарды жаһандық жобаларға интеграциялауға үлкен мүмкіндік. Біз ЮНЕСКО-мен серіктестіктің нақты, нәтижелі болуын қалаймыз.
Динара Жарқынбек
