Басты Жаңалықтар Қазақстандық боксшылар 12 алтын жеңіп алды

Қазақстандық боксшылар 12 алтын жеңіп алды

Шри-Ланка астанасы Коломбода бокстан жастар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Сары құрлықты мекендейтін 20-дан аса елден келген былғары қолғап шеберлері арасында қазақстандық арулар 12 алтын медальдің барлығын жеңіп алып, тарихи оқиға тіркеді. Бұрын-соңды біздің қыздар мұндай жетістікке жеткен емес. Сонымен қатар жігіттер де 13 салмақтың 10-ында алтыннан алқа тағынып және 1 күміс пен 1 қола жүлдені құрама қоржынына салды.

48 және 50 келі салмақ дәрежелерінде шаршы алаңға шыққан Айым Танқыбаева мен Сила Бибосынқызы бейтарап елдің атлеттерінен басым түссе, артынша 52 келіде Рахмина Әбдімәжитова тай елінің қызыннан мықты екендігін байқатты. Сол секілді Жанэль Имантаева мен Ақнұр Тұрсынғали Вьетнам елінің өкілдерін ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Толғанай Қасымхан қырғызстандық қарсыласын ұтып, үш дүркін Азия чемпионы атанды.

Толғанай Қасымхан, бокстан 19 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия чемпионы:

Команданың, Қазақ елінің қолдауы керемет. Бүгін де трибунадан естіліп жатты. 

Одан кейін Алина Қудайгенова шаршы алаң иесін айқын басымдылықпен жеңді. Ақбота Есімбекова мен Мариья Сидероенколар өз жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтады. Зарина Толыбай мен Құралай Егінбайқызы және Сабина Жақсылықта да өз шеберліктерін паш ете білді. Сонымен қатар финалға шыққан 11 жігітіміздің тек біреуі ғана қарсыласына есе жіберді. Ал қалған 10-ы алтыннан алқа тағынды. Солардың қатарында қарсыласын айқын басымдылықпен ұтқан 67 келі салмақтағы Сұлтан Тұрдалы.

Сұлтан Тұрдалы, 19 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионы:

Бәріміздің арманымыз - Олимпада чемпионы болу. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алға ұмтыламыз. 

Бұл күні Коломбо аспанында Қазақ елінің көк байрағы 22 мәрте көкке көтеріліп, және Әнұранымыз шарықтады.

Телжан Күдеров


Бөлісу