Ресейге қарсы жаңа санкция пакеті мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейге қарсы жаңа санкция пакеті мақұлданды

21.05.2025

Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкцияның 17-пакетін мақұлдады. Ал іргелес елдің Орталық банкі базалық мөлшерлемені тағы көтеру жағын қарастырып жатыр. Экономикалық шектеулер барлық салаға кесірін тигізеді, дейді сарапшылар. АҚШ-тың сауда соғысы да елде қымбатшылықтың белең алуына әсер етіп жатыр.

Ресейге қарсы 17-санкциялар пакетінде Ресей мұнайын тасымалдайтын 200-ге жуық танкерді қара тізімге қосу қарастырылған. Бұл кемелерге еуропалық порттарға кіруге тыйым салынады. Соңғы 10 күнде арзандаған Ресейдің қара алтынын енді шетелге тасымалдау қиын болады. Яғни бюджетке түсетін қаржы азаяды деген сөз.

Максим Шевченко, сарапшы, публицист:

Санкция салдарынан қара нарық арқылы сататындар көбейеді. Одан басқа елдер пайда көреді. Ал АҚШ тарапынан әзірге Ресейге қатысты экономикалық шектеулер болмайды деп үміттенеміз. Еуропаға келсек, соңғы уақытта алыс-беріс төмендеген. Байланыс үзілді.

Экономистердің мәліметінше, мамыр айында инфляция 13 пайыздан асады, ал бір доллар 125 рубльге жетеді. Экономикалық шектеулердің әсерінен Ресейде бір жылда 120 мыңға жуық ірі кәсіпорын жабылып қалды. Осы жолы алғаш рет балық шығаратын кәсіпорындар да санкция тізіміне енген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ресейлік теңіз өнімдері мен балықтардың Еуропа елдеріне экспортының құны 700 млн еуроға жеткен.

Сергей Лютаревич, кәсіпорын директоры:

Біз балықты өзіміз аулаймыз, алайда оны өзге мемлекеттерге жеткізу қиын. Себебі санкция салдарынан логистика бұзылды. Бұрын үшінші мемлекеттер арқылы экспорттайтын едік. Ал қазір алдымен паром, әрі қарай теміржол арқылы жеткіземіз. Сондықтан шығынға ұшырадық.

АҚШ-тың сауда соғысы туралы жаңалықтан соң елде техника бірден қымбаттады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы көтеруді жоспарлап отыр.

Индира Бегайдар, тілші:

Қазір Еуропалық одақ өкілдері Ресейге қарсы санкциялардың 18 пакетін әзірлеп жатқанын мәлімдеді. «АҚШ тарапынан алдағы уақытта кейбір санкциялар алынып тасталуы мүмкін», - дейді сарапшылар. Дегенмен бұл елдегі экономикалық мәселелерді шешпейді. Экономистердің пікірінше, санкция салдарымен күресуге кем дегенде 10 жылдай уақыт керек.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу