Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында бүгін бір топ азамат Президент қолынан сый-сияпат алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында бүгін бір топ азамат Президент қолынан сый-сияпат алды

20.05.2025

Ән өнерінің жұлдызы Қайрат Байбосынов «Еңбек ері» атанды. Ұлт руханиятын ұлықтаған зиялы өнерпазға Мемлекет басшысы ең жоғары марапатты табыстады. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында бүгін бір топ азамат Президент қолынан сый-сияпат алды. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі бірнеше театрға академиялық мәртебе беру туралы ұсынысын айтты. Өнерге қолдау керек деп кәсіпкерлерге де үндеу жасады. Салтанатты рәсімнен тілшіміз жалғастырады.

Ақорда сарайы бүгін саясат сахнасындағы тұлғаларды емес, мәдени майданның шебінде жүрген өнер азаматтарын қарсы алды.

Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Осылай деген Мемлекет басшысы ұлттың болмыс-бітімін сақтап, руханиятын байыту өнердің еншісінде екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі.

Сондай дүлдүл өнерпаздың бірі әрі бірегейі – Қайрат Байбосынов. Халық әнінің ғажайып өрнектерін жаңғыртқан жезтаңдай әнші кеудесіне алтын жұлдыз тақты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халқымыздың жан-дүниесін айшықтай көрсететін халық өнері әрдайым төрде болуы керек. Бұл марапат – әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі.

Қайрат Әукенұлының өзіндік орындау мәнері қазақтың ән өнеріндегі айшықты із, қайталанбас қолтаңба. Ол бұрын - соңды сахнада орындалмаған 60- тан аса қазақ әнін тұңғыш орындап, қайта түлетті. Әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде Төлегенді ән салдырды. Тілендиевтің назарына ілігіп, Жүсіпбек Елебековтен тәлім алды. Түйген ілімді ұрпаққа аманаттау үшін көп жылдан бері ұстаздық қызметтен қол үзген жоқ.

Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек ері:

Бұл тек маған ғана емес, ұлттық өнерге, дәстүрлі өнерге беріп отырған сіздің бағаңыз, ықыласыңыз, ниетіңіз. Маған кезінде сахнада қошемет көрсеткен халқыма ризашылық білдіремін. Халықтың арқасы деп айтқым келеді. Сонау Ахаң, Біржан, Естай, Үкілі Ыбырай, Дәнеш, бертіндегі Жүсіпбек, Ғарифолла аталарымыздың рухына тағзым еткім келеді. Сол кісілердің де еңбегі деп айтқым келеді.

Бүгін жалпы 50-ден аса өнер өкілі марапатқа ие болды. Қазақстанның Халық әртісі атағы дәстүрлі өнердің тағы бір өкілі Айгүл Қосановаға берілді.

Айгүл Қосанова, Қазақстанның Халық әртісі:

Қазақ өнері қазыналы, бай, үлкен өнер. Осы өнерімізді әрі қарай жалғастыруда бізге артқан үлкен жауапкершілік. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын. Күмбірлеген күйімізбен, әсем әніміз мәңгі көгімізде қалықтай берсін.

Базарбек Атығаев, мәдениеттанушы:

Жалпы, мәдениет саласында ұлт мұраты, ұрпақ қамы жолында атқарылатын көптеген іс бар. Сол істердің басы-қасында болу және Абай айтады ғой - адамның адамшылық ісі бастаған білінеді деп, сол ұзақ жылғы жұмыстардың нәтижесі, марапаты деп қабылдау керек.

Президент өз сөзінде тарихи және мәдени ескерткіштерді зерделеу ісінде музейлердің әлеуетін толық пайдалануға шақырды. Осы ретте Сарайшық қалашығының жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет деді. Елдегі театрлардың да көпшілігіне жөндеу қажет. Бұл жұмысқа кәсіпкерлер қол ұшын созуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын.

Мемлекет те қарап отырған жоқ. Былтырдың өзінде жаңадан 45 мәдениет нысаны салынды. Енді бірнеше театрға жаңа мәртебе берілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы орайда Бикен Римова атындағы Қазақ драма театрына, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру қажет деп санаймын. Бұл қадам мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін берері сөзсіз.

Төл өнердің жауһарлары қорда шаң басып қалмай, заман ағымымен бірге ғаламторда болуы маңызды. Осы ретте Президент «Қазақстан» телерадикорпорациясы бастамашы болған «Асыл мұра» аудио жинағын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда

Халық руханиятының маңызды қыры — сәулет өнері. Осыған ерекше тоқталған Мемлекет басшысы жас сәулетшілерге арналған байқау өткізіп, ұлттық сыйлық тағайындауды ұсынды. Жалпы, мәдениет пен өнер саласына жүйелі қолдау жалғаса бермек. Президент сөз соңында бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында екенін атап өтті.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу