Nvidia компаниясы чиптер арасындағы дерек алмасу үдерісін жылдамдататын жаңа технология ұсынды. Ал шопырсыз жүретін такси шетелдік нарыққа бейімделмек. Әлемдегі техно-жаңалықтар туралы әріптесім Темірлан Нұржанұлы айтады.
Nvidia жаңа чип ұсынды
Nvidia компаниясы бірнеше чип арасындағы дерек алмасу үдерісін айтарлықтай жылдамдататын жаңа технология — NVLink Fusion жүйесін ұсынды. Бұл шешім жасанды интеллект жүйелерін жеңілдетіп қана қоймай, енді өзге чип өндірушілеріне де қолжетімді болмақ. Аталған технология — компанияның бұрынғы NVLink жүйесінің жетілдірілген нұсқасы. Бұл өнімді Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг Computex AI көрмесінде ресми түрде жариялады. Қазірдің өзінде алғашқы серіктестер қатарында Marvell Technology, MediaTek, Alchip, Fujitsu және Qualcomm сынды компаниялар бар.
Роботакси қызметі шетелдік нарыққа бейімделеді
Қалаған жерге шопырсыз-ақ жеткізетін көлік қызметі күннен-күнге кең қанат жайып келеді. WeRide компаниясының роботаксилері бүгінде Қытай, АҚШ, Франция, БАӘ және Сингапур елдерінде қолжетімді. 2020 жылы компания 60 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп, 147 мың сапар орындағанын хабарлаған. Енді қытайлық стартап Tencent Cloud компаниясымен серіктесіп, бұл сервисті коммерциялық негізде іске қосып, шетелдік нарықтарға бейімделген ақылды жүргізу технологияларын жасауды жоспарлап отыр.
Huawei сенсорлы ноутбук шығарды
Қытайлық Huawei компаниясы толықтай сенсорлы ноутбук шығарды. 18 дюймдік екі экранды гаджет инновациялық шешім ретінде бағаланып отыр. Ал қызығы - ноутбук алғаш рет Huawei компаниясының өз өнімі Harmony операциялық жүйесімен жабдықталған.
Темірлан Нұржанұлы
