Елімізде инклюзивті білім беретін маман тапшы. Атырау қаласының өзінде ерекше білім беруді қажет ететін 7 мыңдай бала бар. Сондықтан, бұл салада маман даярлау мәселесі өте өзекті. Логопед, дефектолог педагог мамандығын соңғы 10 жылда 600-дей адам ғана оқыған.
Атырау қаласында мектеп жасына дейінгі ерекше балалармен жұмыс істейтін 4 орталық бар. Оған 200-ге жуық бала барады. Сымбат Достан 3 жасар қызын бір жылдан бері осындағы балабақшаға әкеліп жүр. Анасы баланың бойынан аз уақытта айтарлықтай өзгеріс байқағанын айтады.
Сымбат Достан, ата-ана:
Аяулым қазір р, л дыбыстарын жақсы толық айтады. Және сөздік қоры өзінің жас деңгейіне байланысты молайды. Нәтиже көргенімізге қуаныштымыз.
Соңғы бес жылда балалар арасында аутизм, тіл мүкістігі, психикалық дамудың кешеуілдеуі күрт көбейген. Баланы дәрігерге дер кезінде әкелмеу жағдайды одан сайын ушықтырады дейді мамандар.
Гүлдана Абдулғазезқызы, орталық жетекшісі:
Ата-аналардың өзінің баласының ерекшелігін мойындамауы. Ата-ана дер кезінде баланың ерекше екенін, артта қалып келе жатқанын көргендіктен бірден дәрігерге, неврапотолог маманына жолығу керек. Көп уақыттан бері соны ата-анаға түсіндіре алмай жатырмыз.
2010 жылдан бері Атырау университеті логопед, дефектолог, психолог-педагог мамандарын даярлап келеді. Студенттер тәжірибені де оқу орнында өтеді. Соның арқасында апта сайын 10 шақты бала тегін кеңес алады.
Университеттің 3- курс студенті Нұрайна Мейрамғалиева оқудан тыс логопедиялық түзету орталығында жұмыс істейді. Бұл мамандықты таңдауымның өзіндік себебі бар дейді ол.
Нұрайна Мейрамғалиева, студент:
Бауырымның сөйлеу тілінде кемістігі болғандықтан таңдаған болатынмын. Қазіргі таңда үлкен нәтижелерге жетіп, осы мамандықты таңдауымның арқасында сөйлеу тілі қалыптасып келе жатыр.
Қазір психология-педагогика кафедрасында 600-дей студент білімін шыңдап жатыр. Өңірде тағы бірнеше бағыт бойынша педагог жетіспейді. Сондықтан жуырда жаңадан мамандықтар ашылмақ.
Қарас Қазиев, кафедра меңгерушісі:
Биылғы оқу жылынан бастап біздер арнайы педагог мамандықтарын дайындап жатырмыз. Неге? Себебі бұл жерде тек қана ерекше білім берудің бағытында бір ғана логопед емес, олигофрения педагогикасы бар, сурдопедагогикасы бар, тифлопедагогикасы бар барлық бағыттарында маман даярлауды қолға алып жатырмыз. Бұл өңірдің сұранысына байланысты.
Бұл мамандықтарға мемлекеттік грант көп бөлінеді. Шекті балл 75-тен басталады. Деседе, жастардың қызығушылығы төмен, сондықтан мемлекеттік грант толығымен игерілмей келеді.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
