Басты Жаңалықтар Абай облысында ел дамуына үлес қосқандар марапатталды

Абай облысында ел дамуына үлес қосқандар марапатталды

Абай облысында Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға облыс басшылығы, еңбек ардагерлері, жастар мен қоғам белсенділері қатысты. Елдің дамуына өңірдің үлесі зор. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 365 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім қарқыны 106% құрады. 14 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Әлеуметтік салада да жетістік жоғары. Облыста биыл мыңға тарта баспана берілген. Жаңа мектептер мен түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Жаңадан құрылған облыс орталығында 75 мың тұрғынға арналған ықшам ауданын салу жоспарда. 

Берік Уәли, облыс әкімі:

Президентіміз Тәуелсіздіктің бастауында тұрған осы қастерлі датаның маңызын арттырып, қайта жаңғыртты. Жер жаралғаннан бері мыңдаған ұлттардың ең асқақ арманы – азаттық, ең аяулы аңсары – тәуелсіздік екені белгілі. Бүгінгі күн ел үшін еңіреп өткен ерлерге тағызым етіп, өңіріміздің өткенін еске алып, болашаққа бағдар алатын күн. Сіздерді еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен тағы да құттықтаймын! Еліміздің айбыны асқақ, еңсесі биік болғай!

Ел бірлігін, еркіндік пен дербестік рухын дәріптейтін мерекеде бірқатар азамат мараптталды. Түрлі дәрежедегі медальдар мен ордендер әр салада жылдар бойы еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқандарға табысталды. Салтанатты жиын «Қыран елім-  Қазақстаным!» атты концертпен жалғасып, сахнадан патриоттық рухтағы әндер шырқалды.

Төлеген Жанғалиев, ақын:

Маған да бүгін «Парасат» орденін тапсырып жатыр. Бұл маған берілген баға деп ойлаймын. Бұл кеше ғана 180 жылдығы аталып өткен Абай бабамызға, Абай еліне, соның жерлестеріне, мен бір ғана ақынымын елдің. Сол елге беріліп жатқан баға деп ойлаймын. Мерекеміз құтты болсын!

Талғат Сақан, кәсіпкер:

Ұрпағымызға Тәуелсіз Қазақстанды мәңгілікке аманат ету үшін барлығымыз жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Сол үшін барша кәсіпкерді «Туған жерге туыңды тік» деп, Абай өңірін дамытуға шақырамын. Бүгінгі мейрам құтты болсын!


 


Бөлісу