Ақтөбе облысында ең ірі су қоймасына экологиялық апат төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында ең ірі су қоймасына экологиялық апат төніп тұр

14.05.2025

Ақтөбе облысындағы ең ірі екі су қоймасының бірі экологиялық апат алдында тұр. Сыйымдылығы 245 миллион текше метр болатын су айдынының жағалауы құмға айналып барады. Табиғат жанашырлары оған осы жерде жұмыс істеп жатқан құм карьерлерінің жұмысын кінәлайды. Салдарынан жағалаудағы жасыл желек қурап, балықтар өліп жатыр дейді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Халық «Ақтөбе теңізі» атап кеткен су айдыны қазірдің өзінде ондаған метрге тартылып кеткен. Тіпті, ортасында шағын аралдар пайда болған. Бұл жердегі мына карьерден күніне ондаған жүк көлігімен құм сыртқа шығарылады.

Өңірдегі аңшылар мен балықшылар қауымдастығының өкілдері дабыл қақты. Айтуларынша, жағалаудың отыз пайызы құм карьеріне айналып үлгерген. Жарты жыл бұрын бөгетті жөндеу үшін қоймадағы судың үштен екісін ағызып жіберуге тура келген. Бұл шешім жығылғанға жұдырық болды. Өйткені, айдынның табаны құрғап, су жануарлары қырылды.

Алексей Гогель, облыстық Аңшылар мен балықшылар қауымдастығының төрағасы:

Бұл карьерлер табиғатқа келтірген шығындарын өтеп жатқан жоқ. Олардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Қазір балықтардың негізгі тіршілік ететін аймағы жойылды. Жағалауға жақын жердің бәрі бүлінген.

Бұл аумақтардағы ағаштар қурап, су жануарларының тіршілігіне де үлкен қауіп төнді. Суға жіберілген мыңдаған шабақтың көбі өліп қалған. Арнайы ереже бойынша, құм карьерлерінің иелері қазылған жерді артынша көміп, орнына жасыл желек отырғызуы керек. Дегенмен, олар 2-3 жылдан бері бұл талаптарды толық орындай алмай отыр.

Рүстем Құлышев, кәсіпкер:

Үкіметтің қойған талаптары бар. Біз жыл сайын рекультивация жасауымыз керек. Қазылған жердің орнын тегістеп, бірдемелер егу керекпіз. Оған бірақ ауа райы былтыр да, алдыңғы жылы да, биыл да су қатты келді. Су карьерді басып кетті. Осы тұрғанда карьер судың ортасында жатыр. Сондықтан әзір мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ талаптардың бәрін сақтап жатырмыз заңға байланысты.

Жауапты мекеме өкілдері бұл аумақтағы үш кен орны заң шеңберінде жұмыс істеп жатыр дейді. Қазылған жерлер жыл сайын ағын сумен келген құммен қайта толып отырады.

Абылай Жұмағұлұлы, облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы:

Өнеркәсіп қауіпсіздігі, экологиялық рұқсаттары, келісімдері және сараптаманың оң қорытындысы негізінде жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. Мемлекеттік органдар тексреу жүргізуге құқығы бар.

Кәсіпкерлер карьерлерді он жыл пайдаланады. Яғни, ол мерзім аяқталмай, жұмысын тоқтатуға ешкімнің құқығы жоқ. Дегенмен, аңшылар мен балықшылар қауымдастығының өкілдері жағдай өзгермесе, теңіз көлге, жағалау шөлге айналады дейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу