Бірқатар елде Абай институты ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірқатар елде Абай институты ашылады

13.05.2025

Президент осыдан бес жыл бұрын Семейде абайтанушы ғалымдармен кездесіп, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айтты. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Бурабайда өткен құрылтайда баяндаған еді. Бастаманың мән-маңызы мен форматы қандай болғаны дұрыс? 

Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп түсінсе игі. Бұл жайлы Президент «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жіліктеп тұрып баяндаған еді. Бүгінгі мәселе мен мұрат - Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты Абай атындағы құрылымды шетелдерде ашу.

Жандос Әубәкір, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Елімізде бір құзырлы органға бекетіліген жеке өзі Абай институты ма, академиясы ма құрылу қажет. Ол шетелдердегі болсын, еліміздегі болсын ғылыми зерттеу жұмыстарында, насихат жұмыстарында, мәдени жұмыстарында, Абайға қатысты қандай дүние бар, соның бәрін бір жерден басқаратын дүние болу керек.

Абайдың шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Сондықтан, Абайдың мұрасын насихаттайтын кез келген орталық – шетелдіктер үшін де олжа.

Мартин Касандо, «Клементинум» Чехия ұлттық кітапхасының директоры:

Бұл орталық Чехия тұрғындарына, оқырмандарға Қазақстанмен, қазақтың ұлы ойшылы Абаймен жақыннан танысуға керемет мүмкіндік. Абай- еуропалық авторларды қазақшаға шебер аудару арқылы өз оқырманына баға жетпес байлық қалдырды.

Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылмақ. Бірақ Еуропа елдерінде де ойшылдың шығармашылығына деген қызығушылық зор.

Алпамыс Файзолла, ақын, әдебиет саласында «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты:

Гете институты неміс әдебиетін насихаттаумен айналысады. Яғни, әдеби агенттіктің рөлін атқарады. Абай институты Абайдың және басқа да қазақ ақындарының туындыларын насихаттау керек.

Абай институтын құру – ауқымды жұмыс. Сондықтан, Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына және Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесе шетелде орталықтар ашу мәселесін Президенттің тапсырмасы бойынша пысықтап жатыр.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу