«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумында 9 келісімге қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумында 9 келісімге қол қойылды

12.05.2025

Осыдан кейін Мемлекет басшысы мен Абу-Дабидің тақ мұрагері бірлескен бизнес форумға қатысты. Бұл жиында да іскерлік әріптестік көкжиегін кеңейтетін маңызды келісімдерге қол қойылды.

Әмірлік – әлемдегі бай-қуатты елдің бірі. Қара алтыннан түскен қаржыны ақылмен жаратып, инвестиция құюға мүдделі. Бүгін осы мақсатта араб елінің ең ірі бизнесмендері Астанаға ат басын бұрды.

Қазір Қазақстанда Әмірлік қаражатымен құны 6,5 млрд доллар болатын 40-тан аса жоба жүзеге асып жатыр. Ал Араб елінде 300-ден аса қазақстандық компания кәсіп ашқан. Әріптестіктің нығаюына қос тарап та мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. Бүгінге дейін экономикамызға 4,3 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Біріккен Араб Әмірліктерінің 2031 жылға дейінгі даму стратегиясы біздің инновация, өнеркәсіпті дамыту және әртараптандыру бағытындағы ұлттық басымдықтарымызбен үндеседі. Сондықтан біз серіктестерімізге қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз.

Қазақстан кәсіп жүргізуде халықаралық стандарттарды берік ұстанады. Осылай деген Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес қауымдастығына елдегі мүмкіндіктерді таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді.

Иә, араб компанияларының Қазақстан нарығына қызығушылығы артып келеді. Көлік-логистикада бірлескен бастамалар көбейген. Мәселен, абу-дабилық инвесторлар Маңғыстауда заманауи бидай терминалын салды. Енді құны 100 млн АҚШ доллары болатын тағы бір ірі порт салмақ.

Ренат Бектұров , «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Құрық портында мультимодалдық үлкен терминал салынбақ. Еліміздің транспорттық логистикалық әлеуетін арттыру үшін. Сонымен қатар елімізде жаңа қант зауытын салуға араб елі инвестиция салмақшы.

Бүгін екі елдің компаниялары бетпе-бет келіссөздер жүргізіп, өз жобаларын таныстырды. Алыс-берістің әлеуеті мол. Қазақстан қосымша 400 млн АҚШ долларына тауар ұсына алады. Мәселен, 100 млн-ға азық-түлік пен мал азығын, 250 млн долларға металлургиялық өнімдер экспорттауға әзір.

Хумейд бен Салем, БАӘ сауда-өнеркәсіп палатасы федерациясының бас хатшысы:

Бизнес әріптестік үшін дипломатиялық қарым-қатынастың дамуы өте маңызды. Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігінің достық байланысы тереңнен тамыр тартады. Көптеген салада өзара түсіністік меморандумына қол қойдық. Компаниялар нарыққа нық сеніммен келіп жатыр. Біздің кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, азық-түлік, білім беру, жаңа технология сынды салаларға инвестиция құюға қызығушылық білдіріп отыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Елордадағы мына камералардың орнына жасанды интеллектпен жұмыс істейтін жаңалары қойылмақ. Ол смарт-сити жобасының бір бөлігі. Әмірлік компаниясы Астананы ақылды қалаға айналдыру үшін 50 млрд теңге бөлмек. Шаһардың толықтай цифрлық нұсқасы жасалады. Мәселен, өрт бола қалса ақылды камералар тез анықтап, қажет көмекті шақырады. Көлік нөпірі де осы жүймен реттеледі.

Мақсат Әшімбаев, «Presight Al Kazakhstan» компаниясының өңірлік директоры:

Қаладағы қоғамдық қызметтердің барлық регламенттері цифрлық платформаға көшіріледі. Ол координацияны жеделдетуге, қаланы тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Жаңа аудандарда құрылыс жоспарлау кезінде де цифрлық деректер ескеріледі. Белгілі бір нысанның құрылысы сол ауданның жалпы жағдайына, инфрақұрылымына және даму қарқынына қалай әсер ететінін алдын ала болжауға болады.

Таяуда Астана биржасында құнды қағаздар дирхаммен саудалана бастады. Бұл инвестиция тартудың тағы бір жолы. Алғашқы сатылымға 50 млн доллардың облигациялары шыққан. Сұраныс бар. Енді ол төрт еселенбек. Бизнес форум нәтижесі бойынша цифрлық технология, жасыл экономика мен білім және агро сала бойынша 9 келісімге қол қойылды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу