Чемпион тәрбиелеген ана - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Чемпион тәрбиелеген ана

10.05.2025

Былтыр Қазақтанда мамыр айының екінші жексенбісі «Аналар күні» деп белгіленді. Мерекені дәл осы күні әлемнің 20 мемлекеті де тойлайды. Бүгінде елімізде ерекше балаларды тәрбиелеп, жетістікке жетелеп келе жатқан қайтпас қайсар аналарымыз да баршылық. Солардың бірі қостанайлық - Ғалия Кушубаева.

Фархат пара пауерлифтингтен Қазақстан чемпионаттарының жүлдегері, екі дүркін Әлем чемпионы. Ол бұл спортқа алғаш 10 жасында келген. Содан бері жеті жыл ішінде талай белесті бағындырып, жеңістің шыңына шықты.

Фархат Мутунов, Параатлет:

Мені спорт әлеміне жетектеп алып келген – анам. Әуелде менің қолымнан келмейтін шығар деп ойладым. Бірақ ол кісі қиын сәтте қолдай біледі, маған жігер берді. Анама алғысым шексіз. Егер ол кісі болмаса, мен мұндай жетістікке жетпес едім.

Спорт Фархаттың өмірін түбегейлі өзгертті. Бойына сенім, жүрегіне жігер берді. Қиындыққа мойымаған қайсар анам маған екінші өмір сыйлады дейді чемпион.

Ғалия Кушубаева Фархаттың анасы:

Ана болу – бір уақытта педиатр, дәрігер, психолог болу деген сөз. Себебі балаңа жан-жақты көмек, қолдау беретін жалғыз сен ғана және әр ананың басты міндеті – баласының бойына сенім ұялата білуі. Кім не айтса да, оның бойында өзіне деген мызғымас сенім болуы керек.

Ғалия Кушубаева екі баласын да спортқа баулып өсірді. Спорт – тәрбие, ерік-жігерді шыңдайды дейді ол. Ал Фархаттың ендігі алға қойған мақсаты – олимпиада чемпионы атану.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу