Әлем энерегетикалық дағдарыс алдында тұр. Ұлыбритания мен Халықаралық энергетикалық агенттік Лондонда 60 елдің министрі мен жоғары лауазымды шенеунігін жинап, осы мәселені талқылады. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.
Марина Бекенова, тілші:
АҚШ, Қытай, Еуропа және Ресей арасындағы геосаяси қайшылықтар, сондай-ақ бай және дамушы елдер арасындағы алшақтық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бірақ барлығын энергетикалық қауіпсіздік мәселесі біріктіреді.
Ұлыбритания үкіметі ұлт болашағын таза және төменкөміртекті энергетикамен байланыстырады. Бұған оппозиция қарсы, тіпті партияластар қатарында да бұл бастаманы қолдамайтындар бар. Бірақ билік жаңартылған энергия көздеріне көшуге бекініп отыр.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
Теңіз-жел электр станцияларын салуға арналған қор құрылады. Ол миллиардтаған жеке инвестицияларды тартуға, ондаған мың жұмыс орнын ашуға және экономикалық өсімді ынталандыруға мүмкіндік береді.
Еуропаның ресейлік энергияға тәуелділігі бағаның күрт өсуіне, инфляцияға және әсіресе кедей елдердегі өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкелді. Нәтижесінде ЕуроОдақ сын-қатерлерге батыл жауап беруге мәжбүр болды.
Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссияның төрайымы:
Ресейден газ импортын 45 пайыздан 18 пайызға дейін азайттық. Мұнай импортын 10 есеге дейін қысқарттық. Ресейлік көмірден толығымен бас тарттық.
Қытай басшысы видео байланысқа шығып, АҚШ-тың атын атамаса да жасыл энергетикаға қарсы саясатын сынға алды.
Ресми Париж болса, ядролық энергетиканың тартымдылығына тоқталды. Қысқа мерзімде ол қымбатқа түсуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде жүйеге икемділік пен тұрақтылық береді, деді Францияның энергетика министрі.
Марина Бекенова
