Солтүстік Кипрде TeknoFest 2025 көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Кипрде TeknoFest 2025 көрмесі өтті

08.05.2025

Жастарға шабыт берген технология мерекесі. Солтүстік Кипрдің Лефкоша қаласында алғаш рет ұйымдастырылған TeknoFest 2025 көрмесі өтті. Шараға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы келіп, стартап жоба ұсынған үздік жастарды марапаттады. Лефкошадағы көрмеге арнайы барып қайтқан әріптесім Гүлбану Әниятқызының материалында.

Солтүстік Кипрдің көгіндегі әуе техникасының өнері – көрмедегі ең әсерлі сәттердің бірі болды. Түркияның ұлттық авиация өнеркәсібінің үздік «Байрактары» жоғары дәлдікпен ойқастап, түрлі пішін салған ұшақтар мен тікұшақтар техникалық шеберліктің үлгісін көрсетті. Жалпы, көрмеге инновация, авиация және жаңа технологиясын көрсету үшін 22 елден мыңнан астам қатысушы жиналған.

Сельчук Байрактар, «TeknoFest» директорлар кеңесінің төрағасы:

«TeknoFest» – бұл болашаққа деген инвестиция. Фестивальде жастар өте көп. Шараға келген әр бала жаңа технология, заманауи инновацияларды көзімен көріп, қолымен ұстай алады. Мысалы, бүгін ұшақты көрген бала ертең ғарыш бағдарламасын жасап шығарады. Дәл осы жастар әлемді өзгертеді.

Көрмеде 116 стенд орнатылған. Бағдарлама жасанды интеллект, инжиниринг, туризм, білім беру және тұрақты инновациялар сияқты маңызды салаларды қамтиды.

Гүлбану Әниятқызы, тілші:

Көрмеде балаларға арналған білім, ғылым көшесі бар. Бұл жерде 6-14 жастағы оқушыларға арнайы шеберлік сабақтары өтті. Балаларды білім мен ғылымға қызықтыру үшін интерактив сабақтар өтіп, кішкентайлар бәрін  жасап көріп жатыр.

«TeknoFest» алаңына Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы келді. Инновация, технология, жасанды интеллект бағыттары бойынша стартап жоба ұсынған үздік жастарды марапаттап, ғылым мен инновацияға ұмтылуға шақырды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

TeknoFest – бұл тек технология емес, тәуелсіздікке апарар жол. Түркия әлемнің үздік үш ұшқышсыз ұшу аппаратын өндіруші елдердің қатарында. Бұл жастардың күшімен жүзеге асты. Ел дамуына мықты технологиялық серпін беретін әрбір жасқа шын жүректен алғыс айтқым келеді.

Финалға шыққан командалар қатарында Қазақстан жоқ. Дегенмен T3 қорының басқарма төрайымы Эльван Кузуджу Хыдыр алдағы жылы қазақстандық стартаптар мен командалардың саны артады деген сенім білдірді.

Эльван Кузуджу Хыдыр, T3 қорының басқарма төрайымы:

Жуырда Қазақстанмен бірлескен іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ T3 қорының Қазақстанға сапары жоспарланған. Біз қазақстандық жастардың әлеуетіне сенеміз. Келесі жылы фестивальде олардың жобаларын көреміз деп үміттенеміз.

Көрме аясында дрондар мен әскери техникалар ғана емес, жастардың жүздеген жаңа жобалары көрсетілді. Ұйымдастырушылар келесі TeknoFest Ыстанбұл қаласында өтеді деп жоспарлап отыр.

Гүлбану Әниятқызы


Хабарламаларға жазылу