Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы артады. Су инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық та нығая түседі. Үкіметаралық комиссия отырысының нәтижелерімен Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова бөліседі.
Ұлыбритания – еліміздің негізгі сауда серіктестерінің және ірі инвесторларының бірі. 1991 жылдан бері тартылған тікелей инвестиция көлемі 22 жарым миллиард доллардан асқан.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Осы динамиканың өсу әлеуеті бар. Осы цифрларды біз минимум екі есе көтеру керекпіз жақын арада.
Елімізде 2030 жылға дейін 42 су қоймасы салынады. Бұдан бөлек, 37-сі жөнделіп, 14 мың шақырымнан астам канал жаңғыртылмақ. Нәтижесінде суды шығындау 25 пайызға азайып, суармалы жерлер көлемі 400 мың гектарға ұлғаяды. Биыл Түркістан облысында 2 су қоймасының құрылысы басталмақ. Ауыл шарушалығы министрлігінің өкілдері осы мәселе бойынша британиялық компаниялармен кездесу өткізді.
Ерболат Ибрайханов, ҚР Су ресрустары және ирригация вице-министрі:
Қаржы орталықтары осы Лондон қаласында орналасқан. Сол мәселе бар, қаржы тарту мәселесі, біріншіден. Екіншіден, мынау жаңа технологияларды тарту.
Ауыл шаруашылығы саласында да бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, сертификаттау шешімін таппақ. Қос мемлекеттің министрліктері жол картасына қол қойды.
Александр Дуглас, Ұлыбританияның сауда саясаты және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі:
Жылдам дамып жатқан экономикаға деген біздің бизнес қауымдастықтың қызығушылығы жоғары. Біз бұл байланыстарды қолдауға дайынбыз.
Қазақстанда филиалы ашылып жатқан Кардиф университетіне мемлекеттік білім гранттарын бөлу және оқу кампусын салу мәселесі де сөз болды. Білім ордасы халықаралық фармацевтикалық компаниямен бірлесіп, ғылыми жобаларды іске асырады. Үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысы келер жылы Астанада жалғасады.
Марина Бекенова
