Қазақ армиясының әлеуетін көрсететін һәм жауынгерлік даярлығы тағы бір мәрте сыналатын сәт. Елордада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шерудің соңғы дайындық жұмыстары пысықталды. Ауқымды парадта өнер көрсететін 4 мыңға жуық сарбаз бен 300-ден астам техника тас-түйін дайын. Айта кетейік, мұндай айтулы шара елімізде соңғы рет 2017 жылы ұйымдастырылған.
Ернұр Медет, тілші:
Қарулы Күштер - қауіпсіздігіміздің басты кепілі, егемендігіміздің берік тірегі. Ертең осы тіректің қаншалықты мығым екендігін республикалық телеарналар тікелей эфирде көрсетеді. Дәл осы «Qazaqstan» телеарнасынан, сондай-ақ еліміздегі барлық ЛЭД экраннан тамашалай аласыздар.
Тыл еңбеккерлері және әртүрлі әскери құрылымдардың ардагерлері шақырылған. Алдыңғы буын өкілдері төрде отырып, бүгінгі армияның қарым-қабілетін бағамдайды.
Қасымхан Алдабергенов, соғыс ардагері:
Жанын пида еткен, сонау майдан даласында қалған боздақтардың, аруақтардың атынан жастарға рахметімді айтамын.
Ауқымды парад 3 бөлімнен тұрады. Алғашқы кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жаяу әскер саптық адыммен жүріп өтеді. Биыл шеруге 24 парадтық топ қатысады. 4 мыңға жуық сарбаздың 200-ден астамы - қыз-келіншектер. Сонымен қатар 300-ге жуық жауынгерлік темір тұлпар таныстырылады. Олардың қатарында тарихи кезеңнің куәгері болған техника үлгілері де бар. Соңғы бөлімде Астана аспанында әуе күштерінің әлеуеті паш етілмек. 66 ұшу аппараты елорда көгінде авиациялық шоу ұйымдастырады.
Еске салсақ, ертең таңнан түс ауғанша Момышұлыдан бастап Панфилов көшесіне дейінгі Тәуелсіздік даңғылы жабылады. Сонымен қатар, Қошқарбаев және Қалдаяқов көшелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады.
Ернұр Медет
