Ресейдегі қандастар Жеңістің 80 жылдығына орай батырлардың рухына тағзым етті. Жалпы, майданға 1,6 миллионнан астам қазақстандық аттанды. Олардың жартысынан көбі ұрыс даласынан оралмады. 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды, 100-ден астамы Даңқ орденінің кавалері болды. Ал төртеуі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Сондықтан біз қазақ халқының Жеңіске қосқан үлесін ешқашан ұмытпай, құрметтеуіміз керек дейді шеттегі қандастар. Олар жыл басынан бері Жеңіс күніне арнап 120-дан астам түрлі шара өткзген.
Жарқын Өтешова, Мәскеудегі «Астана» қорының президенті:
Біз әрі қарай Жеңістің 80 жылдығына байланысты кештер өткіземіз. Мәскеуде Әлия Молдағұлова атындағы мектеп бар. Сол мектепке біз барып, гүл шоғын қойып, ондағы мұражаймен таныстық. Біздің қазақ ұлтының Жеңістің 80 жылдығына қосқан қандай үлесі бар, батырларымыз жайлы әңгімелер айтамыз.
Қазақстанның Беларусьтағы елшілігінің қызметкерлері, сонда оқып жатқан курсанттар, қазақ диаспорасының өкілдері соғыс құрбандарының ерлігіне тағзым етті. Минск облысы Радошковичи ауылында майданда қаза тапқан қазақ жауынгерлері Бақтыораз Бейсекбаев пен Әбдіжапар Мәмиев жерленген. Қазақстандық дипломаттар ерлікпен қаза тапқан даңқты батырлардың бейіттеріне гүл шоқтарын қойды, ерліктерін еске алды.
Индира Бегайдар
