Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының диқандары су таппай әлек. Ағын су ақпағалы екі айда егіс қурап барады. Жайылма және Маятас ауылдары шаруаларының жоңышқасы мен жүгерісі өніп шыққанымен, өспей қалған. Дал болған диқандар «Бүркітті» қоймасындағы бар суды бермей отыр деп «Қазсушар» мамандарына наразы.
Сарысудың сайын даласындағы екі ауылда 60-тан аса қожалық бар. Былтыр әкімдік суды аз ішетін дақылдар ек деген соң егіс көлемін азайтқан. Алайда «Бүркітті» су қоймасы тозығы жеткендіктен, толмай, етектегі егіске су келмейді деп наразы. Енді Маятас тұрғындары мұңайып, жайылмалықтар жабырқап, аспанға алақан жайып жүр. Көп суды көктен тілегенімен, бұлттан да тамшы тамар емес.
Ерік Құрманбек, Жайылма ауылының тұрғыны:
Біз күліп тұрғанымызбен, ішіміз жылап тұр! Аспанға қараймыз. Су бере ме, жаңбыр бере ме?! «Бүркітті» деген каналымыз бар. Қазір 50 жыл болды, жөндеу көрген жоқ.
Думан Мұқанов, Жайылма ауылының тұрғыны:
700 мың теңге салдым егістігіме. Тегістеттік, біраз жұмыс істедік. Қазір су жоқ. Сәуірдің басынан бастап келетін, мамыр болды, су әлі жоқ. Егістік кеуіп бара жатыр. Бәрі шығын.
Ал «Қазсушар» мекемесі қыста қар түспей, көктемде жаңбырдың жоқтығы қиын жағдайға әкелді дейді. Жылда 7-8 млн текше метр су жинайтын жасанды көлдің қазіргі көлемі жартысына да жетпейді. Таудағы қар жамылғысы мардымсыз болғандықтан, 26% ғана толған.
Қайрат Аманов, «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры:
Ешқандай мұздақ жоқ. Тек жауын болса ғана, қосымша су түседі. Бір рет суаруға жетуі мүмкін. Бірақ енді мүмкіндігінше болады. Біз үнемдеп, шаруаларға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Мамандар су жетпейтіндіктен, тек 35 шаруамен шарт жасасқан. Келісімге отырғандарға ғана суды беруді бастаймыз деп отыр. Айта кетейік, Сарысу ауданы бойыша 10 су арнасы жөндеуді қажет етеді. Оған 10 млрд теңгеден астам қаржы қажет.
Данияр Әлімқұл
