Алты тіл білетін сарбаз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алты тіл білетін сарбаз

05.05.2025

Түркістан қаласындағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген сарбаз 6 тіл біледі. Әскерге Астанадан шақыртылған Шахбоз Сатыбалдиев қазақ, өзбек, тәжік, түрік, кәріс және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Қазір ол көне шаһарға келген туристерге жол көрсетіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып жүр.

Шахбоз Сатыбалдиев қазір Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Жас сарбаздың ұлты тәжік, бірақ қазақтың тілі мен тарихын жетік меңгергенін айтады. Өйткені Шымкенттің тумасы қазақ балаларымен ойнап, сол ортада өскен. Кейіннен Медициналық колледжді бітіріп, тіл үйренуге зейін қойыпты. Қазір қазақ, өзбек, түрік, кәріс және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.

Шахбоз Сатыбалдиев, сарбаз:

Мен әскери қызметтен соң оқуымды жалғастырып, заңгер болып, басқа тілдерді меңгергім келеді. Дамытып, дипломатия жағынан басқа елдерге Қазақстанның құқықтарын және Қазақстанның дамуы үшін өз қызметтерімді тигізуді қалаймын.

Жауынгердің ерекше қабілеті мен жауапкершілігін әскери бөлімдегілер де ерекше бағалады. Себебі бұл бөлімнің сарбаздары туристер жүретін аумақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Шахбоз шетелдіктерге елдің заңы мен ережесін түсіндіріп жүреді.

Бейбарыс Бақытжанұлы, сарбаз:

Түркістан - туризм қаласы. Туристер  жан-жақтан келеді. Бізден басқа адамдар, басқа ұлт өкілдері көмек сұрайды. Сол кезде біз 2-3 тіл білсек, бұл жан-жақты 6-7 тіл біледі. Соның тіл білгендігі басқа адамдарға көмектесуімізге пайдасы тиеді.

Жас сарбаз әскер қатарында жүріп, қабілетін одан әрі дамытуға мүмкіндік алған. Қолы қалт еткенде шет тілдерінде кітап оқып, тіл үйренеді. Тіпті өзі сияқты сарбаздарға күнделікті қажетті сөздерді үйретеді. Ол үшін әскери бөлімде үйірме ашылған.

Спандияр Жолаев, №5574 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

Шахбоз сарбазымыз әскери өмірде ағылшын, француз тілдерін оқуда. Әрі өзі ғана оқып қоймай, арамыздағы барлығымызға, осы әскери бөлімдегілерге үйретіп, кішігірім үйірме ашып, содан үйреніп жатырмыз.

Тілді меңгеру арқылы ол сол халықтың мәдениеті мен болмысын тереңірек түсінуге болады дейді Шахбоз. Сондықтан ол алдағы уақытта тағы бірнеше тілді меңгеруді көздейді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу