Жауқазындар отаны Жамбыл облысының тау бөктерінде 5 мың адам қатысқан халықаралық қызғалдақ фестивалі өтті. Ауқымды шараға 8 елден туристер келіп, 1 200 метр биіктіктегі гүл алқаптарын аралады. Ал қолөнершілер қызғалдақпен өрнектелген ең үлкен кілем тоқып, Қазақстанның рекордтар кітабына енді.
400-ден астам шетелдік турист қызғалдақтардың тарихи мекенімен танысып, этноауылда қонақ болды. Елімізде жабайы жауқазындардың 41 түрі бар десек, оның 18-і Жамбылда өседі.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Мына қызғалдағы құлпырған Қаратаудың етегіне құдды бір қызыл кілем төселген секілді. Еуропа елдеріне жауқазындардың алғашқы сорты 4 ғасыр бұрын осы Талас топырағынан тараған. Сондықтан Жамбыл жері Грейг қызғалдағының тарихи отаны саналады.
Сондықтан қызғалдақтардың қалың шоғыры өскен өлке аймақ туризімінің жаңа бағыты болмақ. Ал алқаптарды қорғау мақсатында келешекте Қаратау геопаркі құрылмақ.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
Облыс аумағында 40 негізгі туристік нысан бойынша 10 жаңа туристік маршрут әзірленді. Осы орайда нысандарға инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қолға алынып жатыр. Биыл заман талабына сай 3 туристік демалыс аумағы ашылатын болады.
Фестивальде 100 қолөнершінің қолынан шыққан көлемді кілем көрсетілді. Ісмерлер 200 шарты метр бұйымды 3 ай бойы тоқыған. Ал туристер тау етегіне төселген табиғи кілемді көріп, аң-таң болды.
Иылдырай Гончар, турист (Түркия):
Қызғалдақтар жер жүзіне менің ата жұртым – Қазақстаннан тарады. Сондықтан тарихи отанын көруге асығып келдік. Енді осындағы экотуризмді дамытуға үлес қосқым келеді.
Ал этноауылда «қымызмұрындық» рәсімі өтіп, бие сауушылар жарысқа түсті. Бие байлау, қазық қағу, қымыз ашытудан шеберлік сағаты болып, шара соңы ұлттық ойындарға ұласты.
Данияр Әлімқұл
