Еліміз бойынша жаппай Жамбыл облысында көп өсетін қызғалдақтарды қорғап, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізу керек. Осылай деген әлем ғалымдары Таразда бас қосып, «Қызғалдақ мұра» халықаралық конференциясын өткізді. Ал аймақ әкімдігі ғалымдар қызғалдақтың отаны деп тапқан Талас ауданынан Қаратау геопаркін құруға кіріседі.
Жамбылда жайқалып өсетін жауқазындар әлем назарын Әулиеата жеріне бұрғызды. Таразда екі күнге жалғасатын халықаралық «Қызғалдақ мұра» конференциясы басталды. Ботаниктер Қазақстан қызғалдақтарын қорғауқа қатысты ғылыми көзқарас қалыптастырып, дүние жүзілік деңгейде дамытқысы келеді.
Елена Осипова, Қазақстандағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің бөлім басшысы:
Қазақстан қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның әлемдік табиғи мұра тізіміне енгізу керек деген пікір бар. Енді Жамбыл әкімдігі қолдауымен бұл бастама әлемдік деңгейде іске аса бастағаны қуантады. Бұл бағытта қызғалдақтардың биоалуандығын сақтап, дамытуда ғылыми зерттеулер жасалып, ғалымдардың қызығушылығы артып жатыр.
Иә, конференцияда Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу туралы ұсыныс айтылды. Ал Қазақстан қызғалдақтарының бірегей генетикалық қорын сақтау үшін Қаратау геопаркі құрылмақ. Елімізде жабайы жауқазынның 41 түрі өссе, оның 18-і Жамбыл жерінде жайқалып тұр.
Ари Велдхаузен, Нидерланд корольдігі елшілігінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі:
Қызғалдақтың тарихи отаны Нидерланды емес, Қазақстан. 4 ғасыр бұрын қазақ жерінен шетелге шығарылып, Түркия арқылы біздің елге келді. Кезінде Еуропада бір пиязшығы бір үйдің бағасына тең болды. Біз Нидерландының символына айналған жауқазындар отанын өз көзімізбен көріп, екі ел байланысын туристік бағытта дамытқымыз келеді.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
Жол картасын дайындап, әрі қарай дамыту бойынша іс-шаралар жасаймыз. Тек қана өзіміздің өңірдегі туристерге емес, халықаралық деңгейде, шетелден келетін туристерді де тартуымыз қажет.
Ал ертең ғалымдар мен туристер Талас ауданындағы этноауылға барып, қызғалдақ алқаптарын араламақ. Сондай-ақ ғылыми-танымдық экскурсия мен ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Данияр Әлімқұл
