Олжас Бектенов бірнеше облыс әкімін сынға алды. Себебі «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы ақсап жатыр. Ауқымды бастама аясында 655 заманға сай медициналық нысан салынуы тиіс. Оған 120 миллиард теңге бөлінген. Алайда жобаның іске асу қарқыны көңіл көншітпейді. Мәселен, Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында 6 емхананың жобалық-сметалық құжаты әлі күнге дейін дайындалмаған. Ал Қарағанды мен Батыс Қазақстанда мемлекеттік сараптама өтпеген. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне апта сайын мониторинг жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар заманауи құралдарды уақтылы сатып алып, барлық нысанды толық жабдықтауды міндеттеді. Ал өңір әкімдеріне жобаларды осы жылы толық аяқтауды, кадр тапшылығына жол бермеуді және ауруханаларға мамандар тартуды жүктеді. 1-маусымға дейін барлық жоба мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Бұл жұмысты вице-премьер Ермек Көшербаев тікелей қадағалайды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Бүгінгі таңда 5 өңірде атап айтқанда Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында объектілердің құрылысы толық аяқталды. Қалған өңірлерде ұлттық жобаны іске асыруға қатысты белгілі бір тәуекелдер бар. Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау және құрылыс жұмыстарына бақылаудың кемшін болуы Ұлттық жобаны іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келеді. Нысандарды уақтылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек.
Ұлттық жобаның жүзеге асуы 1 млн-ға жуық ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етеді. Аудандық ауруханалар да жаңғыртудан өтеді. Денсаулық сақтау министрі дәрігерлердің қауіпсіздігі үшін арнайы жабдықтар сатып алынатынын айтты. Жедел жәрдем қызметкерлері енді шақыртуға видеожетон тағып барады. Бұл бұзақыларды тәртіпке үйрету үшін қажет дейді. Жетонды сатып алуға үш ай уақыт керек. Сонымен қатар министр кейбір өңірлер «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына бейжай қарап отырғанын айтты. Жас мамандар біржолғы төлемді ала алмай отыр екен.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Мәселен, 2024 жылдан бастап ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне 100 айлық ең төменгі жалақы, яғни 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма іске асырылуда. Алайда, бүгінгі күні төлемдерді төлеу бойынша шешімдер кейбір өңірлерде әлі күнге дейін қабылданбаған.
Шерхан Жамбылұлы
