Атырау облысында Қиғаш өзенінің арнасын кеңейтіп, табанын тереңдетіп жатыр. Соңғы жылдары өзен тартылып, кей жерлері 20-30 см-ге дейін таяздап кеткен. Арнаны бойлай орналасқан шаруашылықтар мұның зардабын тартып отыр. Өйткені қайықтар қатынай алмайды, төрт-түлікке де су тапшы. Бүгінгі күнге дейін жүргізілген түп тереңдету жұмыстарының нәтижесі қандай? Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт баяндайды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Өзеннің 99 шақырымы 2-2,5 метрге дейін тереңдетіледі. Қазір оның 77 шақырымы қазылған. Мынау су бетінде қалқып тұрған земснаряд деген техника. 22 сағат үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы. Су түбінен күніне 1,5 мың текше метрге дейін лай шығарады.
Құрманғазы ауданында 7 кооператив, 500-ге жуық балықшы бар. Бұл аудандағы ірі балық зауыттарының бірі. Түрлі су маржанын өңдейтін кәсіпорын жылына мың жарым тонна өнім дайындайды. Көрсеткішті арттыруға өзен арнасының тарылуы мен таяздап кетуі кедергі болып тұр.
Бақытбек Иманов, Цех меңгерушісі:
Ең қиындық тудырып тұрғаны лимит орындауға мына судың және Каспийдің тартылып кетуі. Балық аулайтын жерлеріміз өте тайыздап кетті. Қазір теңізге қарай шығып, балық аулау өте қиын.
Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің айтуынша, соңғы кездері жайылым мен шабындыққа да су шықпайды. Салдарынан шаруалар мал басын көбейте алмай отыр.
Қанатбай Әбдірахым, шаруа қожалығының иесі:
Бұрын жаз бойы мына өзектердің бәрі толып тұратын еді.. Қазір су нашарлап кетті. Жайылыс та, балық та суға келіп тіреледі. Жалпы қазғаны жақсы ғой. Соған сәйкес су келе қойса дейміз.
Мәселені шешу үшін жауаптылар осыдан 3 жыл бұрын түп тереңдету жұмыстарын бастады. Өзеннен тарайтын 7 арна бар. Бұрын жобаға енбей қалған каналдар биыл толық қазылып жатыр. Әзірге өзен бойында 29 техника мен 80 адам жұмыс істеп жатыр. Жобаны уақытында аяқтау үшін тағы қосымша техника тартылмақ.
Бауыржан Нұрғалиев, мердігер мекеме өкілі:
Бұйырса, тағы Астанадан тасымалдап жатырмыз земснарядтарды, тағы әкеледі. Уатеркинг деген су үстінде тұрып қазатын экскаватор әкелінеді. Кезең-кезеңімен жасалып жатқан жұмыстар. Жоспарда тағы да екінші бөлігі бар. Онда шақырымы көптеу. 143 шақырым.
Мердігер жұмыстарды жыл соңына дейін бітіреміз деп отыр. Өзен түбін тереңдетуден бөлек гидрологиялық мониторинг жүйесі де жаңартылмақ.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
