Теңіздегі тіршілік әлеміне қауіп төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіздегі тіршілік әлеміне қауіп төніп тұр

16.04.2025

Каспий теңізінің жан-жануарлары мен өсімдіктер әлеміне қауіп төніп тұр. Оған дәлел, соңғы жылдарда Каспийдің эндемигі – итбалықтар жаппай қырылып жатыр. Былтырдың өзінде 2 мыңнан астамы өлді. Ғалымдардың есебінше, қазір небары 260 мың итбалық қалған. Теңіздің биоалуантүрлілігіне судың ластығы тікелей әсер етіп жатыр, дейді тәуелсіз экологтар. Сондықтан олар Каспийде қазба жұмыстарымен айналысатын компанияларға халықаралық аудит жүргізуді ұсынды.

Түпқараған ауданының тұрғыны Данияр Әкімжановты «Итбалықтар неге қырылады?» деген сұрақ сонау 2000 жылдан бері мазалайды. Себебі, теңіз жануары сол кезден бастап жылда өледі. Оған қоса, суда мекендейтін құстар мен ұсақ балықтар да қырылып жатыр. Балық аулауды кәсіп еткен тұрғын теңізге талай рет май қалдықтары төгілгенін көзімен көрген.

Данияр Әкімжанов, Балықшылар қауымдастығы облыстық филиалының директоры:

Солтүстік күнбатыстан жел соғатын болса, міндетті түрде теңіз жағасында өлексе пайда болады. Карчагин, Филоновский сосын Хвалинский деген үлкен жобалар жұмыс жасап тұр. Сол жобаларға, жалпы теңіздің бетінде жұмыс жасап тұрған мекемелерге мониторинг жасау керек.

Тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақ та теңіздің биоалуантүрлілігін сақтап қалу үшін, нақты тапсырмалар барын, алайда әлі күнге ештеңе жасалмағанын сынға алды. Каспий теңізін зерттеу институты да қағаз жүзінде құрылып, жұмысын бастаған жоқ.

Әділбек Қозыбақов, тәуелсіз эколог:

Каспий биоалуантүрлілігін сақтау үшін резерват құрылды. Дегенмен оның нақты жасап жатқан жұмысын біз көріп тұрған жоқпыз. Бұл мәселені Президенттің өзі де көтеріп, халықаралық биоалуантүрлілікті қорғау қорын құруды ұсынды. Сондықтан оны біз немқұрайлы қарамай, бүкіл қоғам болып атсалысуымыз керек деп ойлаймын.

Осы тұста Каспийді жағалай орналасқан көрші Ресейде теңіздің тіршілік әлемін зерттеумен айналысатын бір емес, бірнеше ғылыми мекеме жұмыс істейді. Олардың есебінше, Каспийде 260 мың итбалық қалған.

Василий Богословский, «Чистые моря» қорының бас директоры:

Иә, менің ойымша да аудит жүргізілген дұрыс. Ғалым көп. Бірақ, комиссияда Каспийдің маңындағы 5 елдің ғалымдары болуы тиіс. Мұнай өндіруші компаниялар қанша жерден ең заманауи технологияны қолданды дегеннің өзінде, теңізге әсері болуы мүмкін.

Былтыр Каспий теңізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде итбалықтарға қолайлы аумақ таңдалып, резерват құрылды.

Аян Бахиянов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

2024 жылдың қазанында осы Каспий теңізінде Каспий итбалықтарын сақтау бойынша «Каспий итбалығы» деген мемлекеттік табиғи резерват құрылды. Резерваттың аумағы 106,8 мың гектар. Қазіргі уақытта оның аумағын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бірақ әзірге штат мәселесі мен қаржыландыру көлемі толық шешілмеген. Табиғи резерватта шамамен 90-ға жуық мемлекеттік инспектор жұмыс істемек.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Мамандардың айтуынша, Каспийдің түбінде кезінде батып кеткен кеме көп. Олар да суда шіріп, ауыр металдар бөліп, май қалдықтары төгіліп, теңіздің флорасы мен фаунасына зиянын тигізіп жатыр. Сондықтан кемелерді тез арада судан шығарып, тазарту жұмыстарын жүргізу қажет.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу