
Биыл Жеңістің 80 жылдығы аталып өтеді. Осы орайда «AMANAT» партиясы соғыс қаһармандарына арналған ескерткіштерді, мемориалдық кешендерді қалпына келтіру және абаттандыру бойынша ауқымды акция бастады.
Игі істі алғаш болып Павлодар облысының партия мүшелері қолға алды. Бұл бастаманы еліміздің өзге де аймақтарындағы партия мүшелері қолдады. Сондай-ақ жергілікті жерлерде кең қолдау тапты.
Ақтөбе облысы Хромтау қаласында партия мүшелері «Ана-Мәңгілік» ескерткішінің айналасын ретке келтірді. Қостанай облысы Б.Майлин ауданында партия белсенділері «Батырларға тағзым» мемориалы маңында тазалық жұмыстарын өткізіп, ерлерге деген құрметін көрсетті. Қарағанды облысы Сарань қаласында партия мүшелері тыл еңбеккері Халима Ғабдрахманованы арнайы барып құттықтады.
Шымкент қаласында «Жастар рухы» жастар қанатының 50-ге жуық белсендісі Абай саябағындағы соғыс ардагерлерінің құрметіне салынған «Даңқ мемориалы» аумағын тазалап, сенбілік өткізді. Жетісу облысы Көксу ауданында да партия мүшелері мен ауыл тұрғындары Балпық би ауылындағы Мүсәпбек Сенгирбаев атындағы саябақта сенбілік өткізді.
Жергілікті тұрғындар мұндай іс-шаралар жас ұрпақты ел қорғаушылардың ерлігіне тағзым етуге тәрбиелейді деп атап өтті. «AMANAT» партиясы әрбір қазақстандықты осы игі іске атсалысуға шақырады.
Айта кетейік, биыл қазақтың үш бірдей даңқты қаһарманының мерейтойы аталып өтеді: Бауыржан Момышұлының туғанына – 115 жыл, Мәлік Ғабдуллинге – 110 жыл, Әлия Молдағұловаға – 100 жыл.
