Депутат: Ата-аналар жауапкершілігін күшейту керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутат: Ата-аналар жауапкершілігін күшейту керек

07.04.2025

Жыл басынан бері 2-мыңға жуық бала көлік астына түскен. Оның 17-сі қаза тапты. QAMQOR.KZ жариялаған бұл статистика қарапайым санайғақ емес, қасіретті таңбасы бар дерек. Оның үстіне жоғарыда атағандарымыз тек автомобильге қатысы бар оқыс оқиғалар. Одан бөлек суға батып, құдыққа құлап қайтыс болған бүлдіршіндердің саны қаншама. Ал бұған кім кінәлі? Баланы балаға бақтырып, кішісін-үлкеніне табыстап, бей-жай қарап жүре беретін ата-аналарды жауапқа тарту керек пе?

Қала балалары үшін аулада ересектердің қарауынсыз жүру қауіпті. Оған күні кеше Қосшыда қасында ата-анасы жоқ екі жасар бөбекті көлік қағып кетуі дәлел. Екі ай бұрын дүкенге жалғыз шыққан 5 жасар баланың бетін жасөспірімнің пышақпен тілгілеп тастағанын да ел ұмытқан жоқ. Алайда ненің қауіпті екенін білмейтін кішкентай бүлдіршіндерді өзінен үлкендерге қосып, аулаға жіберетін бейқам ата-аналар аз емес.

Ата-ана жауапкершілігін заңмен бекітуді депутаттар да құптайды. Кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігі ең алдымен әке-шешесінің мойнында, сондықтан талапты күшейту керек, дейді депутат Нұргүл Тау.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты:

Үйде басқа кішкентай баласын қарап отырып 5 жастағы, 6 жастаға балаларын дүкенге жібереді. Ол дұрыс емес. Қазір, мысалы, үйіңіздің маңында бір жағдай болуы мүмкін.  Бұл жерде заңда бар ғой, 0-ден 18 дейін ата-ана жауапты. Орындауға көбірек күш салу керек.

Алайда бұл мәселе нақты баппен бекітілмеген. Заңда тек кәмелетке толмаған баланы түнде жанындағы ересек адамсыз көшеге жіберуге болмайды деген тармақ бар. Ал күндіз:

Айдархан Аяп, заңгер:

Күндізгі кезде бір қатал тыйымдар жоқтың қасы. Ал шектеу, тыйымдар түн мезгіліне қатысты айтылған біздің заңдарымызда. Бірақ жалпы алып, құқықтық  көзқараспен қарайтын болсақ, ата-анаға жүктелетін бірден-бір міндет, ол - баланы қараусыз қалдырмау.

Былтыр бала қауіпсіздігі туралы арнайы заң да қабылданды. Бірақ елімізде бала өлімі азаймай тұр. Ал қайғылы оқиға болмас үшін ата-аналар бейқам болмауы тиіс.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу