Ақтөбедегі Халықаралық қазақ-орыс университетінің 350 студенті бір күнде оқудан шығарылды. Қазір олар қайда барарын білмей дал болып жүр. Ата-аналар мен білім алушылар алдын ала ешқандай хабарлама алмадық, дейді. Енді олар Ғылым және жоғары білім министрлігінен қолдау күтіп отыр.
Студенттер үшін бұл жаңалық төбеден түскендей болып отыр. Олардың оқудан шығарылғаны туралы бұйрық 18 наурызда шыққан. Алайда оны білім алушылар тек 26 наурызда ғана алған. Оған дейін ешқайсысына ескерту берілмеген.
Құралай Құрман, студент:
Кураторым айтты, «Платонус» платформасы арқылы сабағыңызды оқып отырасыз. Ешқайда келмейсіз деді. Солай мен сабағымды жауып, оқып отырдым. Екі жыл бойы ақша төледім. Аяқ астынан сабаққа келмегенсіз дейді. Негізі келісімшартта бәрі жазылған, қашықтан оқыту деп тұр.
Студенттердің көбі келісімшарт бойынша қашықтан оқиды. Жыл сайын оқу ақысына 500 мың теңгеге дейін ақша төлейді. Білім алушылар сабаққа барған күннің өзінде оқытушылардың өздерін ешқашан таба алмаймыз дейді.
Кенжегүл Сәдуова, қала тұрғыны:
Екі ай ғана уақыт қалған кезде баламызды шығарып тұр. Енді талап етеміз, ең болмаса осы жылды аяқтасын. Сосын әрі қарай басқа университетті көреміз, бір жыл уақыт қалды ғой. Вакансия, вакансия деп тұрады сабақ кестелерінде. Вакансия – ол мұғалім жоқ деген сөз ғой. Сөйтіп отырып-отырып кетеді.
Университет басшылығы оқу ақысы төленбегендіктен және сабаққа қатысу деңгейі төмен болғандықтан, осындай қадамға бардық деп отыр. Айтуларынша, ақпан айынан бастап ішкі тексеріс жүрген. Шәкірттерінің жаппай оқудан шығарылуы соның нәтижесі дейді.
Ақнұр Қадірбек, Халықаралық қазақ-орыс университетінің оқу процесін ұйымдастыру бөлімінің басшысы:
Оның 91-і оқу ақысын төлемеген, қалған 259 студент сабаққа мүлдем қатыспаған. Қашықтан дегенде, білесіздер ғой, университетпен байланыс болуы керек. Келіп, көрінуі керек. Яғни, аталған студенттер ешқандай байланыста болмаған.
Дегенмен ата-аналар мен студенттер бұл пікірмен түбегейлі келіспейді. Университеттегі оқытушылар құрамы толық емес, соның салдарынан көптеген пән талапқа сай оқытылмайды дейді. Білім ордасындағы бұл даулы жағдай облыс әкімдігі мен министрлікке дейін жетті.
Жолдас Батырхан, облыс әкімінің орынбасары:
Қазір бұл мәселені облыс әкімдігі өз бақылауына алды. Мен ата-аналармен, студенттермен кездестім. Әрі қарай да мәселені бақылаймыз. Біз Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне арнайы хат жолдадық. Министрлік те бұл мәселені бақылауға алды.
Студенттер енді министрліктің оң шешімін күтеді. Егер жағдай өзгермесе, сотқа шағымдануға бекініп отыр.
Жақсыбек Кемал
